Мемлекет басшысы V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының дайындық барысымен танысты
Мемлекет басшысы, ең алдымен, "Астана арена" стадионын аралап көрді.
Мұнда халықаралық спорттық-мәдени іс-шараның ашылу салтанаты өтеді. Отыз мың көрермен еркін сыятын стадионға жыл бойы күрделі жөндеу жүргізілді. Қазіргі кезде абаттандыру жұмыстары аяқталып, жабдықтары толықтай жаңартылды.
Халықаралық іс-шараға 1500 ерікті тартылады Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев Ұлттық құраманың әзірлігі жөнінде баяндады. Оның айтуынша, осы уақытқа дейін халықаралық және республикалық деңгейде 42 оқу-жаттығу жиыны өткен.
Сондай-ақ спортшылар 7 халықаралық және 25 республикалық турнирге қатысқан. Жалпы V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына әлемнің 89 елінен 2800 қатысушы мен ресми делегация мүшелері келеді.
Сайыстың 21 түрінен 97 медаль сарапқа салынады. Негізгі жарыстар "Астана-арена" стадионы, "Қазанат" ипподромы, "Алау" мұз сарайы, Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайы, "Думан" қонақ үй-спорт кешенінде өтеді.
Ал жамбы ату мен теңге ілуге арнайы алаң жасақталған. Халықаралық дода аясында 150-ден астам мәдени іс-шара жоспарланған.
Мәселен, Этноауылда Көшпенділер мәдениеті музейі, қолөнершілер және мүсіндер көрмесі, ал Ұлттық музейде "Көшпенді халық: тарих, таным, тағылым" атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырылады.
Алдын ала болжамға сәйкес, осы күндері елордаға 100 мыңға жуық турист келуі мүмкін. Осыған орай 20-дан астам қонақ үйдің, сондай-ақ туристер жиі баратын орындардың дайындығы пысықталып, қала көшелерін абаттандыру, безендіру жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр.