Маймыл шешегі індеті: Еліміздің ірі әуежайларында оқу-жаттығулар өткізілді
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, оқу-жаттығулар барлық негізгі қызметтердің: санитариялық-эпидемиологиялық, шекаралық, кедендік, сондай-ақ әуежай, желілік полиция бөлімі, әуежайдың медициналық пункті, жедел медициналық көмек және медициналық ұйымдардың өзара іс-қимылын пысықтауға бағытталған.
"Инфекциялық ауруларға күдікті жолаушылар анықталған кезде іс-қимылды үйлестіруге ерекше назар аударылады. Оқу-жаттығу барысында шартты түрдегі маймыл шешегі ауруы тартылды. Персонал жолаушыдан ауру белгілерін анықтаудан бастап оны ауруханаға жатқызуға және қажетті эпидемияға қарсы және дезинфекциялық шараларды жүргізуге дейінгі іс-шаралардың толық циклінен өтті", делінген хабарламада.
Сурет: gov.kz
Құзырлы ведомство атап өткендей, жаттығу кезінде барлық қызметтер іс-қимылдың жоғары дәрежедегі дайындығы мен үйлесімділігін көрсетті, бұл олардың ықтимал қауіптерге ден қоюға дайын екендігін растайды.
Оқу-жаттығу қорытындысы бойынша семинар-кеңес өткізілді, онда әр қызметтің іс-қимылы талқыланып, ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейту бойынша ұсыныстар берілді.
Сурет: gov.kz
Айта кетсек, 2024 жылы 16 тамызда маймыл шешегінің эпидемиясына қатысты санитарлық дәрігерлер қазақстандықтарға үндеу жасады.