Майқайыңда опат болған құтқарушының отбасы 120 млн теңге өндіріп алды
Биыл 4 қаңтарда "Майқайыңалтын" АҚ аумағындағы болжамды өрт орнына технологиялық жолмен келе жатқанда үш құтқарушы мен жүргізушісі бар автобус шұңқырға құлап кеткен.
Қаза тапқандар — "Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтерінің республикалық орталық штабы" ЖШС қызметкерлері.
Осы факті бойынша құрамында Төтенше жағдайлар министрлігі, Павлодар облысының әкімдігі, мемлекеттік еңбек инспекторы, "Майқайыңалтын" АҚ, "Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтерінің республикалық орталық штабы" ЖШС-нен құралған комиссия жазатайым оқиғаға тексеру жүргізіп, оның қорытындысы бойынша жұмыс берушінің кінәсі — 100%, жұмыскерлердің кінәсі мүлде жоқ екені анықталды.
Қайтыс болған құтқарушы Т-ның анасы, қызы, ұлы және әпкесі марқұмның қызметтік міндеттерін атқару кезінде қайтыс болуына байланысты моральдық залал өтеуді талап етіп сотқа жүгінді.
Моральдық зиян олардың ұлынан, әкесінен, ағасынан айырылуының ауырлығынан, жерлеу кезінде онымен қоштасуға мүмкіндік болмауынан, жұмыс берушінің көңіл айтып, қолдау көрсетпеуінен болып отыр.
Сот болған жазатайым оқиғаға жұмыс берушінің 100% кінәсін негізге ала отырып, қайтыс болған құтқарушының туыстарының талаптарын толық көлемде қанағаттандырып, әрбір туысының пайдасына қойылған талап көлемінде 30 000 000 теңгеден, жалпы сомасы 120 млн теңге моральдық зиян өндірді.
Шешім заңды күшіне енген жоқ.