Жаңалықтар тізбегі
0

ҚР ІІМ Ұлттық ұланның 15 жауынгері күрең берет иегері атанды

ҚР ІІМ Ұлттық ұланның 15 жауынгері күрең берет иегері атанды  , сурет - Zakon.kz жаңалық 20.09.2024 09:14 Сурет: ҚР ІІМ
ҚР ІІМ Ұлттық ұланның Тараз қаласындағы 5513 әскери бөлімінің атыс алаңында күрең беретке үміткерлердің біліктілік сынағы өтті. Оған еліміздің әр аймағынан арнайы мақсаттағы бөлімшелердің әскери қызметшілері қатысты, деп хабарлайды Zakon.kz.

Биылғы осы дәстүрлі додаға 300-ге жуық ниет білдірушінің арасынан іріктелген 80-нен астам үміткер қорытынды сынаққа қатысты. Олар алғашқы кезеңде теориялық тестілеуден өтіп, дене шынықтыру, биіктіктегі дайындық, арнайы құрылғылармен төмен түсу, байланыс және медициналық дайындық бойынша сынақ тапсырды.

Осы аралықта төмен көрсеткіш көрсеткен қатысушылар екінші кезеңге өте алмады. Жолы болып шешуші кезеңге небәрі 44 үміткер өтті. Шешуші кезеңнің бірінші күні сынаққа қатысушылар таңғы сағат 05:00-де дабыл арқылы көтерілді.

Сол күйі 5 шақырымға жүгіру бойынша сынақ тапсырды. Одан соң ұзақ та күрделі жорыққа аттанды. Жолда олар қарсыластың шабуылын тойтару, жараланған қаруласының жарасын танып, қауіпсіз аймаққа сүйреп өту, өрт шыққан аймақтан тыныс алуға арналған бас киіммен жүгіру секілді тапсырмаларды орындады. Жолай әбден шаршаған жауынгерлер бауырымен жорғалап, жатқан күйі тасалануға арналған ор қазды және етігімен су кешті.

Таң атпастан аяққа тұрған үміткерлер желе жортқан күйі кешке дейін дамыл таппады. Сынақ кезінде жауынгерлерге физикалық және психологиялық соққы жасалды. Олар соған қарамастан кезіккен қиындықтарды жеңіп, мәреге жету үшін ерік-жігерін аяған жоқ. Осынау бір аптадан бері арнайы жасақ жауынгерлері орындап жатқан тапсырмалар легі аяқталды.

Сынақтың қорытынды күні олар 10 шақырым жүгіріп, оқ дәрі салынған қобдишаларды сүйреуден норматив тапсырды. Селкілдек көпір үстінен өтіп, темір бағаннан төменге сырғанады. Қиғаш қойылған ағаштардың бірінен еңкейіп, бірін аттап, шынжыр байланған дөңгелектер қабырғасына өрмелеп шықты.

Аспалы темірлерді де артта қалдырды. Суға секіріп, биік тас қабырғаны бірлесе еңсерді. Осы уақыт аралығында жан-жақтарын өрт торлап, алдарынан пулемет сақылдап тұрды. Ал өзге де кедергілердің маңына таяған кезде жарылыс болып жатты. Олар бұрқырай атылған пулемет оғынының астынан жорғалап барып, қауіпсіз нүктеде асынып жүрген қаруынан оқ атты.

Үміткерлерге бір оқ және бір ғана мүмкіндік берілді. Құм тиіп, су шашылған қарудан оқ атылмай қалса жауынгер сынақты осы жерде аяқтар еді. Бабы мен бағы қатар шауып, ауыр сыннан сүрінбей өткендер ақтық сынақ – қоян-қолтық төбелеске шықты. Үш раундтан тұратын жекпе-жектің соңғы бөлімінде рингтегі жігіттер тың тұрған күрең берет иегерлерімен күш сынасты.

Бұған дейін сапта болған 15 үміткердің бәрі де 9 минут бойы соққыларға төтеп берді. Әлі кетіп, күші сарқылғандардың өзі темірдей төзімділік танытты. Осылайша, олардың бәрі де күрең берет иегерлері атанды.

Осылайша, сынақты сәтті аяқтаған жауынгерлердің төккен тері, еткен еңбегі ақталды. Олар бұл күнді ешқашан ұмытпақ емес.

"Күрең берет алу — менің арманым еді. Осы сынаққа тыңғылықты дайындалдым. Маған сенім артқан адамдарға айтар алғысым шексіз. 65 шақырымды еңсердік. Бұл тыңғылықты дайындықтың ғана емес, намыс пен жігердің де арқасында деп ойлаймын. Жасым 41-ге таяп қалды. Бүгінге дейін осы құрметке ие болуды мақсат етіп едім. Былтыр дәл осы сынақтың жартысына келгенде денсаулығым сыр беріп, қалыс қалып едім. Шүкір, жақындарымның арқасында еңсе тіктеп, бүгінгі деңгейге жеттік. Бұл мен үшін Олимпиада алтынымен парапар", – деді бүгін ғана күрең берет иегері атанған ЖАК есімді жауынгер.

Айта кетейік, әскери қызметшілер арасындағы қайсарлық пен өжеттілікті, шыдамдылық пен төзімділікті сыңға салар айтулы шараны тамашалауға Түркия, Ресей, Өзбекстан және Қырғыз Республикаларының арнайы жасақ өкілдері де келіп, өздерінің жоғары бағаларын берді.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Бөлісу
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Жаңалықтар трендінде болыңыз!
Хабарландыруларды қосыңыз және алдымен расталған жаңалықтарды алыңыз.

Браузерде хабарландыруларды кез келген уақытта өшіруге болады

Біздің хабарландыруға жазылыңыз!
Хабарландыру қосу үшін қоңырау белгісін басыңыз
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: