Тоқаев "Достастық жәрмеңкесі" атты мемлекетаралық бағдарламаны іске қосуды ұсынды
Сурет: akorda.kz
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев "Достастық жәрмеңкесі" атты мемлекетаралық бағдарламаны іске қосуды ұсынды, деп хабарлайды Zakon.kz.
Қасым-Жомарт Тоқаев ТМД мемлекеттері басшылары кеңесінің шағын құрамдағы отырысында Қазақстан үшін ТМД нарықтары қашанда маңызды екенін жеткізді. Еліміздің сыртқы тауар айналымының төрттен бір бөлігінен астамы осы нарықтың еншісінде.
"2023 жылы қабылданған Көрсетілетін қызметтердің еркін саудасы және инвестицияларды жүзеге асыру туралы келісім сауда-экономикалық байланыстарымызды жан-жақты тереңдетуге ықпал ететініне сенімдімін. Сонымен қатар өнеркәсіптік кооперация, кедендік реттеуді оңтайландыру, жаңа логистика тізбектерін қалыптастыру, цифрлық технологияларды енгізу мәселелері бойынша ықпалдастықты күшейту жұмыстарын жалғастырудың маңызы зор. Бүгінде жәрмеңке саудасына сұраныс жоғары. Осыған орай "Достастық жәрмеңкесі" атты мемлекетаралық бағдарламаны іске қосуды ұсынамын. Оның аясында ТМД елдерінің түрлі қалаларында жыл сайын сауда-саттықтың көрігін қыздыратын іс-шаралар өткізуге болады. Оған бүкіл Еуразия өңіріндегі шеберлер мен шаруаларды да шақырған жөн. Алғашқы көрмені Қазақстанның ең көне қалаларының бірі – Таразда ұйымдастыруға дайынбыз. Бұл шаһар ежелде Ұлы Жібек жолының бойындағы маңызды торап болғандықтан «керуеншілер қаласы» деп те аталған", - деді Президент.
Мемлекет басшысы сауда-экономикалық кооперацияның тиімділігі көлік дәліздерінің дамуымен тығыз байланысты екенін атап өтті. Сонымен қатар Қазақстан негізгі халықаралық бағыттардағы теміржол инфрақұрылымын жаппай кеңейтуге кіріскенін айтты.
"Былтыр ТМД-ға мүше мемлекеттердің аумағы арқылы өтетін күре жолдарды өзара ұштастыру тұжырымдамасын әзірлеуді ұсынған едім. Бұл жұмысты мейлінше тезірек аяқтауымыз керек. Жалпы, "Бір белдеу, бір жол", "Солтүстік – Оңтүстік", Транскаспий бағыты сияқты жаһандық жобаларды өзара үйлестіру Еуразия құрлығындағы экономикалық, институционалдық және көлік-логистикалық дамудың бірыңғай тұжырымдамасын құруға мүмкіндік береді", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Оқи отырыңыз
Бүгін - Мұстафа Өзтүріктің туған күні
Бөлісу
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript