"Абай" операсы араға 66 жыл салып Үлкен театр сахнасында мәскеулік көрерменмен қайта қауышты
Гастрольдік сапар ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің, Ресей Федерациясындағы Қазақстан Республикасы Елшілігінің және Үлкен театр әкімшілігінің қолдауымен ұйымдастырылды.
Қойылымды тамашалауға ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, РФ Президентінің халықаралық мәдени ынтымақтастық жөніндегі арнайы өкілі Михаил Швыдкой, Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Дәурен Абаев және басқалар қатысты.
"Бүгін екі елдің мәдени өміріндегі тарихи оқиғаның куәсі болып отырмыз. Шараның рухани және эстетикалық маңызы зор. Әрі терең әлеуметтік-гуманитарлық мәні бар. Өйткені мәдениеттің халықтар арасындағы шынайы, таза және мәңгілік достығын сақтап, барлық кедергілерді еңсере алатынын көріп, естіп, сезініп отырмыз", — деді Аида Балаева.
Сурет: ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі
"Абай" қойылымы ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, көрнекті дирижер Алан Бөрібаев, режиссер Джанкарло дель Монако, сценограф Эцио Фриджерио, костюм бойынша суретші, "Оскар" сыйлығының лауреаты Франка Скуарчапино сынды танымал тұлғалардың арқасында көрерменге жол тартты.
Бұл көлемді туынды 70 жылдан астам уақыт бұрын жазылған. Опера алғаш рет 1944 жылы Қазақ ұлттық опера және балет театрының сахнасында қойылды. Бірнеше рет ең беделді халықаралық сахналарда көрсетілді. Мәскеуде "Абай" операсы алғаш рет 1958 жылы Қазақ өнері мен әдебиетінің онкүндігі аясында көрерменге жол тартты. Ал бүгін Үлкен театр сахнасында дебют жасады.
Спектакльге Ресейдің танымал өнер қайраткерлері де қатысты. Өнертану докторы, Ресей Федерациясының еңбек сіңірген өнер қайраткері, П.И. Чайковский атындағы Мәскеу мемлекеттік консерваториясының профессоры Николай Иванович Кузнецов "Астана Операның" Мәскеуге шынымен де тамаша спектакль әкелгенін, бұл көрермен үшін ерекше тарту болғанын атап өтті.
"Сіздер қазақ композиторының шынымен әсерлі операсын, таңғажайып музыка жазған туындысын таңдағансыздар. Көрермендер ықыласы ерекше – бәрі де сондай тебіреніп, қызығушылықпен тамашалады! Операның қазақ тілінде орындалғаны да – тамаша. Әрі, менің ойымша, ерекше маңызды. Бұл шығарманы бұрыннан білемін. Көптеген ресейлік көрерменге де аудармасы жақсы таныс. Біз қазақ операсын өзімізге жақын дүние ретінде қабылдаймыз. Қойылым керемет. Сіздерді Мәскеудегі жетістіктеріңізбен шын жүректен құттықтаймын! Бұл дәстүрдің жалғасатынына, болашақта заманауи қазақ композиторлардың опералық шығармаларымен сіздерді тағы да көретінімізге сенімдімін", — деді профессор.
Ресейлік танымал опера режиссері Михаил Панджавидзе "Абай" қойылымын бұрын да көргенін айтты.
"Мен оны түпнұсқада "Астана Операда" көргенмін. Сол кезде-ақ қойылымның ауқымдылығы таңғалдырды. Театр труппасының деңгейі өте жоғары. Ұжыммен жұмыс істейтін кез келген дирижер, режиссер немесе суретші оған тек қызыға қарайды деп сенімді түрде айта аламын. Мұндай талантты, өз ісіне адал адамдармен жұмыс істеу – зор бақыт. Абай бейнесін сахнада сомдау күрделі міндет. Себебі Абай – ғаламдық деңгейдегі тұлға. Оның өлеңдерін қайта оқып, шығармаларын қайта тыңдаған сайын ондағы ойлардың тереңдігіне таңғаламын. Осынау "Астана Опера" театрының жаныма жақын қойылымын өзіміздің сүйікті Үлкен театрда көріп отырғаныма өте қуаныштымын!" — деді Михаил Панджавидзе.
Мұхтар Әуезовтің либреттосына жазылған Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің "Абай" операсы тек махаббат, жақсы мен жаманның айқасын бейнелеген қойылым ғана емес, қазақ халқының жан дүниесінің алуандығы мен тереңдігін көрсететін айна, көшпелі өмірдің бірегей салты мен философиясын көрерменге паш ететін туынды.
Сурет: ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі
Үлкен театр көрермендері үшін қойылым қазақ халқының сан қырлы мәдениетін жақыннан тануға мүмкіндік берген жаңалық болды. "Астана Опера" әртістері көрерменді жоғары вокалдық шеберлігімен тәнті етті. Сахнада өнер көрсеткендер қатарында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Талғат Мұсабаев (Абай), Салтанат Ахметова (Ажар), Мейір Байнеш (Айдар), көптеген халықаралық байқаулардың лауреаттары Талғат Галеев (Жиренше), Бейімбет Таңарықов (Әзім), Татьяна Вицинская (Қарлығаш), Сұлтан Бақытжан (Көкбай), Валерий Селиванов (Сырттан), Рамзат Балакишиев (Нарымбет), Артур Ғабдиев (Мес) бар.
Қорытынды сөзді Қазақ КСР еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Владимир Линчевский айтты.
Сурет: ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі
"Бүгінгі шара бұрынғылардан өзгерек, ерекше оқиға болды. Сіздер көрсеткен жоғары деңгейді кез келген әлемдік сахнада ұсынуға болар еді. Сіздердің тамаша бай дәстүрлеріңізді сақтап келе жатқандарыңыз да – өте құнды іс. Оркестр мен солистерге сөз жоқ, керемет! Себебі жүрекпен шырқап айтты. Сіздер жасап жатқан нәрсенің барлығы терең тағылымға, даналыққа негізделген. Театрларыңызға тәнті болдым. Бұл – шынайы классика. Бүгін осы спектакльді көргеніме өте қуаныштымын. Қашан да шын өнердің бағасын білетін көрермендер бұл пікіріммен келіседі", — деді ол.
Қойылым ресейлік көрерменнің көңілінен шығып, лық толы зал қазақ өнеріне деген шынайы ықыласын көрсетті. Кеш соңындағы қалың жұртшылықтың құрмет-қошеметі "Абай" операсының жарқын жетістігінің, оның екі ел арасындағы мәдени байланыстағы маңызды рөлінің айқын дәлелі болды.