Шымкентте алимент төлеуден жалтарған борышкерлер сотталды
Олардың барлығы бұдан бұрын әкімшілік жауаптылыққа тартылғанына қарамастан, шарасыздық танытып, халықты жұмыспен қамту орталығы ұсынған бос жұмыс орындарына орналасудан бас тартқан.
Сот борышкерлерді ҚК-нің 139-бабымен көзделген қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп танып, осы бойынша оларға 1 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындаған.
Ағымдағы жылы алимент төлемегені үшін 145 борышкер 5 күнге дейін әкімшілік қамаққа және 78 борышкер айыппұл төлеу туралы әкімшілік жауаптылыққа тартылды.
Сот орындаушылардың борышкерлерді белсенді жауаптылыққа тартуына прокурорлық актілердің енгізілуі өз үлесін қосуда.
Жыл басынан алимент өндіру үшін заңда қарастырылған атқарушылық әрекеттерін жүзеге асырмаған 70 астам сот орындаушысы прокурорлық актілер негізінде тәртіптік жауаптылыққа тартылған.
Қала прокуратурасы алимент төлемегені үшін әкімшілік және 2 жылға дейін бас бостандығынан айыруға дейін қылмыстық жауаптылық қарастырылғанын ескертеді.