Қызылордада "Қорқыт Ата" әуежайын жаңарту аяқталды
Үкімет баспасөз қызметінің ақпаратынша, жаңа терминалды іске қосу әуе айлағының өткізу мүмкіндігін 7 есеге – жылына 300 мыңнан 2 млн жолаушыға дейін арттырады.
Сурет: primeminister.kz
Жаңартылған "Қорқыт Ата" терминалы Халықаралық әуе көлігі қауымдастығының (IATA) және Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ICAO) жоғары стандарттарына сәйкес келеді.
"Қорқыт Ата" әуежайының жаңа терминалы – өңір үшін ғана емес, бүкіл Қазақстан үшін маңызды инфрақұрылымдық жоба. Оны іске асыру қосымша әуе бағыттарды, оның ішінде халықаралық бағыттарды ашуға, транзиттік әлеуетті, жолаушылар мен жүк ағынын ұлғайтуға мүмкіндік береді, бұл ішкі туризмнің, сауданың және тұтастай экономиканың дамуына оң әсер етеді. Үкімет бизнестің заманауи, сапалы көлік-логистикалық инфрақұрылымды салу жөніндегі әлеуметтік бағдарланған бастамаларын толық қолдайтын болады – бұл біздің еліміздің болашағына қосылған үлес",— деп атап өтті Олжас Бектенов.
Үкімет басшысы ішкі және халықаралық рейстердің жолаушыларына қызмет көрсету үдерісімен танысты.
Сурет: primeminister.kz
Ауданы 7 500 шаршы метр терминал телескопиялық баспалдақтар, қол жүгін тексерудің автоматтандырылған жүйесі және басқа да озық технологиялармен жабдықталған.
Қызылорда облысы әкімінің бірінші орынбасары Данияр Жаналинов Ақтау және Атырау қалаларында қосымша рейстер ашу, сондай-ақ "Қызылорда–Көкшетау", "Қызылорда–Ақтөбе", "Қызылорда–Қарағанды" сияқты әуе бағыттарды әлеуметтік маңызы бар рейстер тізбесіне енгізу жоспары туралы баяндады.