Ақтаулық оқушылар "Робот-шопан" жасап шықты
Өйткені аталған дрон өзін-өзі қуаттап, адамның көмегінсіз ұша береді.
"Кью Агро" деп аталатын жобаны Артем Ахметханов пен Мадина Абдулла бірге жасаған. Бірі техника жағына, екіншісі өнімді әзірлеуге күш салды. Инновациялық жоба – төрт-түлікті бағып, шопанның қызметін атқарады. Арнайы станциядан қуат алып, адамның көмегінсіз ұшады.
"Біз инновациялық технологияны қолдандық. Бұл ультрадыбыстық жүйе адамға естілмейді, бірақ жануарларды қорқытады және оларды дұрыс бағытқа бағыттауға мүмкіндік береді. Екінші ерекшелігі, роботтың ішінде камера тұр. Ол жануарлар туралы барлық мәліметті жинайды." Артем Ахметханов, №12 орта мектептің 11-сынып оқушысы
Оқушылар жобаны 9 айда жасап, протатипіне 75 мың теңге жұмсаған. Сондай-ақ, оны шаруа қожалықтарында сынақтан өткізді, деп жазады qazaqstan.tv.
Бұл дрон өрістегі төрт түлікті санап, түгендейді. Ауырып тұрған малды анықтайды. Ең маңыздысы, отардан бөлініп қалған қойды тауып береді.
"Кью Агро" жобасының идеясын Мадина Абдулла ұсынған. Ол оған дейін ауыл шаруашылық саласындағы түйткілдерді зерделеп, оларды шешудің жолдарын ойластырған. Нәтижесінде кез келген ауа райына төтеп беретін, робот-шопан жүзеге асты.
"Жалпы елімізде жылына 8 мыңға жуық мал жоғалады. Соны іздеп шыққан шопандар да жоғалу қаупінде тұрады. Қазіргі таңда ауыл шаруашылығы 15 пайызға ғана цифрландырылған. Осы біздің жобамыз мәселені шешуге арналған. Нарыққа шығаратындай өнімді жетілдірудеміз." Мадина Абдулла, Назарбаев зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы
Оқушылардың бастамасын қолдап, бағыт-бағдар берген ұстазы Қазбек Қалиевтің айтуынша, бұл малшыларға арналған ауқымды жоба. Робот-шопан шаруаларға көмекші болады.
"Қазіргі таңда мал шаруашылығының маңызы өте үлкен. Ата кәсібіміз. Мал шаруашылығын цифрландыру қазіргі таңда үлкен мәселеге айналып отыр. Осы оқушыларымыздың ауыл шаруашылығына қосып жатқан үлесі. Осы жобаны әрі қарай дамытуға көмектесіп, атсалысуымыз керек." Қазбек Қалиев, зертхана меңгерушісі
Инновациялық жоба әлем бойынша теңдессіз жобалардың көшін бастап тұр. Оған дәлел жуырда Қытайдағы додада 1500 үздік стартаптың арасынан екінші орынды жеңіп алды.