Ақмола облысында сауда үйінің қызметкері зейнеткердің шотынан ірі көлемде қаражат ұрлаған
Зейнеткердің айтуынша, 20 желтоқсан күні ол қаладағы сауда үйлерінің бірінен тауар сатып алғаннан кейін шотынан 750 мың теңгенің жоғалғанын байқаған.
Алдын ала тергеу нәтижесінде анықталғандай, тауар таңдау барысында жәбірленуші дүкеннің кеңесшісінен несие арқылы сатып алуды рәсімдеуге көмек сұраған.
Құжаттарды рәсімдеу кезінде кеңесші оның сенімін теріс пайдаланып, зейнеткердің шотындағы ақшаны өз есепшотына аударып алған.
Аталған факт бойынша полиция басқармасы сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастады.
Полиция қызметкерлері тұрғындарға қаражат қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша маңызды ескертулер жасайды Бейтаныс адамдарға банк шоттарыңызға немесе қосымшаларыңызға кіруге ешқашан рұқсат бермеңіз.
Егде жастағы туыстарыңызбен түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, оларға өз құпия ақпаратын бөгде адамдарға берудің қауіптілігін түсіндіріңіз.
Қаржылық операциялар кезінде ерекше сақтық танытып, сенімсіз адамдардан көмек сұраудан аулақ болыңыз. Бұл оқиға — алаяқтардың азаматтардың сенімін теріс пайдаланып, заңсыз әрекеттерге баратынын көрсететін тағы бір мысал. Өз қауіпсіздігіңізді сақтау үшін сақтық шараларын ұмытпаңыз.