Қазақстандық авиакомпанияны Вьетнам консорциумы сатып алды
Бұл туралы 2024 жылғы 31 желтоқсанда "Самұрық-Қазына" компаниясы мәлімдеді.
"QAZAQ AIR" АҚ-ны бәсекелі ортаға беру аясында "Самұрық-Қазына" АҚ, "Central Asia Aviation Holdings Limited" консорциумы (вьетнамдық Sovico Group құрамына кіреді) және "Kazasia Holdings Limited" компаниясы арасында міндетті транзакциялық құжаттар пакетіне, соның ішінде сатып алу-сату келісімшартына қол қойылды.
Kazasia Holdings Limited – серіктестік орнату үшін және QAZAQ AIR-ды "Самұрық-Қазына" АҚ-мен бірлесіп басқару үшін Sovico Group ұсынған қазақстандық компания.
Келісімшарт талаптарына сәйкес, инвесторлар қызмет тиімділігін арттыру мен ұзақ мерзімді тұрақтылықты басты назарға ала отырып, QAZAQ AIR-дың стратегиялық трансформациясы мен дамуына ықпал етеді.
"Аталған шаралар аясында, алдағы бірнеше жылда QAZAQ AIR әуе паркін Boeing 737 Max 8 немесе Airbus A321 үлгісіндегі 20 ұшаққа дейін ұлғайту жоспарланған. Келісімшарт нәтижесінде QAZAQ AIR активтерінің құнын едәуір арттырып, Орталық Азияның жетекші әуе компаниясы ретіндегі рөлін нығайту көзделіп отыр",- делінген ақпаратта.
Мәміле жабық болып саналады, ал акциялар барлық тараптармен мақұлданған алдын ала шарттар орындалғаннан кейін инвесторлардың меншігіне беріледі.