Қазақстандық алаяқтар автомобильдер "сата" бастады
Рет-ретімен баяндасақ. Алдымен олар желіге көлік сатылатыны туралы хабарландырулар орналастырады.
Бұл тиімді ұсыныс болады: нарықтық бағадан әлдеқайда төмен бағамен аз жүрген көлік. Сатушы көлікті туысының ауыруына немесе басқа бір отбасылық жағдайға байланысты сатып жатқанын айтады.
Әлеуетті сатып алушы қызығушылық таныта бастағанда, одан алдын ала төлем жасауын сұрайды. Сатушының айтуынша, көлікті алам деушілер бірнешеу, ал аванс оны басқа біреуге емес, нақ өзіне сатуды қамтамасыз етеді. Бір қарағанда, бәрі қисынды сияқты.
"Бұған сенген сатып алушы "сатушының" картасына авансты аударады, ал сатушы осыдан кейін онымен байланысты бірден үзеді: нөмірі бұғатталады, барлық хат-хабарлар жойылады. Мұндай жағдайда ақшаны қайтару мүмкін емес, өйткені алаяқтар телефон нөмірлері мен карталарын үшінші тұлғалардың атына тіркейді".
Stopfake.kz мамандарының айтуынша, мәміле барысында сізді алаңдатуға әсер ететін бірнеше факторлар бар.
- Бағасы нарықтық бағадан әлдеқайда төмен, сондай-ақ өнімнің сапасы өте жақсы.
Әрине, кез келген сатушы жақсы тауар үшін көп ақша алғысы келеді. Кейбір сирек жағдайларда болмаса, өте төмен бағамен бірдеңе сату мағынасыз.
- Сізге өнімді сатып алғысы келетіндер бірнешеу немесе қандай да бір себептермен сатып алу туралы шешімді дәл қазір ойланбастан қабылдау керек дейді.
Асығыстық пен жасанды ажиотаж адамды дұрыс ойлану мүмкіндігінен айырады. Мұндай жағдайда адам күдікті жайттарға назар аудармауы және фактілерді тексеруден бас тартуы мүмкін.
- Сізден тауарды көрмей тұрып, ақша аударуды сұрайды.
Алаяқтар тауар басқа қалада немесе оның иесі қатты ауырып, сатып алушылармен кездесе алмайды деп, түрлі сылтау айтады.
Алданып қалмаудың амалы
Біріншіден, үлкен бір затты сатып алмас бұрын нарықты мұқият зерттеңіз. Осылайша сіз өзіңізді қызықтырған тауар бағасының орташа деңгейін анықтайсыз, сондай-ақ алаяқтардың хабарландыруларындағы баға мен сапаның сәйкес келмейтінін бірден байқайсыз.
Екіншіден, жақсы және жаман жақтарын біліп алмай, үлкен бір затты сатып алмаңыз. Егер асықтырып жатса, мәміледен бас тартқан дұрыс. Бұл ретте сізді алдап кету немесе сапасыз өнім сатып алу қаупі бар.
Үшіншіден, тауарды тексермес бұрын ешқашан ақша аудармаңыз. "Сіз үшін арнайы" түсірілсе де, фотосуреттер мен видеоларға сенбеңіз, Есіңізде болсын, алаяқтар медиафайлдарды қолдан жасайды және әлеуетті құрбандарын адал ниетіне сендіру үшін көп жағдайда "жеке куәліктерінің" фотосуреттерін жібереді.
Бұған дейін жыл басынан бері алаяқтар азаматтарға 25 млрд теңгеден астам шығын келтіргендігі хабарланған болатын.