"Мен сіздің көршіңізбін": Қазақстанда алаяқтар алдаудың жаңа тәсілін ойлап тапты
Фото: pexels
Хабарлама жіберуші адамға шын атымен жүгініп, пәтерінің нөмірін атайды. Содан кейін есігінің алдында камераға әлденені түсіріп жүрген "күдікті ер адам" барын ескертеді. Өзін көрші ретінде таныстырған адам есікті қағып, жеке ескертпек болғанын, бірақ үйде ешкім болмағандықтан мессенджер арқылы жазуды ұйғарғанын айтады.
Артынша тағы бір хабарлама келеді. Онда пәтер маңында жүрген ер адам түсірілген видеоға сілтеме берілгендей көрсетіліп, "Сіз оны танисыз ба?" деген сұрақ қойылады.
Сілтемені басқанда, камерадағы жазбаны көру үшін сайтқа кіруді растауды сұрайтын парақша ашылады. Қандай жауап таңдалса да, мемлекеттік қызметтер порталындағы аккаунтқа кіргені туралы жалған хабарлама шығады. Егер аккаунтқа өзі кірмесе, көрсетілген телефон нөмірі бойынша "жедел желіге" хабарласу қажеттігі ескертіледі.
Осылайша алаяқтар ықтимал құрбанын өздеріне қоңырау шалуға итермелейді.
"Мұндай сценарий қажетсіз кіріс қоңырауларынан қорғайтын тетіктердің бір бөлігін айналып өтуге мүмкіндік береді. Өйткені қоңырауды абоненттің өзі шалады. Егер ол алаяқтарға өздігінен хабарласпаса, қаскөйлер оған өздері қоңырау шалып, алдау схемасына тартуды жалғастыруы мүмкін. Олар адамды түрлі әрекеттер жасауға, мысалы, ақшасын "қауіпсіз шот" деп аталатын шотқа аударуға көндіреді", – деп түсіндірді "Лаборатория Касперского" мамандары.
Қазақстандықтарды бейтаныс нөмірлерден күтпеген жерден келген хабарламаларға сақтықпен қарауға, күдікті тіркемелерді ашпауға және мұндай хабарламалардағы сілтемелерге өтпеуге тағы да шақырды.
Бұған дейін ЭЦҚ туралы қоңыраудың кесірінен Петропавлдағы слесарь 3 млн теңгесінен айырылып қала жаздағаны туралы жазған едік.