Петропавлда полицейлер тротуарға құлап, тілін жұта бастаған ер адамға көмектесті

Жақын жерде полиция қызметкерлері жүрген, олар осы күні ведомстволық психологтардың жетекшілігімен командалық квест-тренингке дайындалып жатқан.
Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті патрульдік полиция батальонының полицейлері бірінші болып көмекке барған, алайда полиция департаменті жылдам қимылдайтын арнайы жасағының келіссөз жүргізуші-психологы Қайрат Базарбаев барынша жедел және тиімді әрекет еткен.
Шұғыл медициналық көмек көрсетуді жақсы меңгерген және адамдарды құтқаруда мол тәжірибесі бар офицер жағдайды бірнеше секунд ішінде бағалай алды. Арнайы медициналық құралдар болмағандықтан, ол өзінің жеке нөмірі жазылған металл жетонды пайдаланып, ер адамның тілін шығарып алды. Абырой болғанда, ол тұншығудың алдын алып, жас жігіттің тыныс алуы қалпына келді.
Бұл уақытта полицейдің әріптестері жедел жәрдем бригадасын шақырды. Медицина қызметкерлері жылдам жетіп, жағдайды бақылауға алды.