Петропавлда 170 млн теңгеге сатып алынған аялдамалар кәдеге жарамай тұр

Алайда қала тұрғындары қыруар ақшаға алынған аялдаманың игілігін не жаз, не қыс көре алмай келеді.
Жылы аялдамалар адам көп жүретін орталық көшелерде орнатылды. Қала қазынасынан 170 млн теңге жұмсалды. Биыл әкімдік тағы да ақша бөліп, бірнешеуін сатып алмақ. Саны көбейгенмен, сапасы жақсарады деу қиын, деп жазады qazaqstan.tv.
Қай аялдамаға бас сұқсаң да, қоқыс шашылып жатыр. Жарық пен жылу әлі күнге жоқ. Қаңырап тұрған аялдамалардың құр босқа тұрғаны болмаса, жұртқа пана болғаны шамалы.
Аялдама төңірегіндегі дау нысан орнатылған алғашқы күннен ақ жалғасып келеді. Қалалық қоғамдық кеңес мүшесі Жанат Мұхаметжанов мемлекеттік сатып алу процессінің өзі күмән тудырып отырғанын айтады. Әр аялдаманың құны 8,5 млн теңгеге бағаланған. Ал нарықтағы баға басқа дейді ол.
"Бір көзден сатып алу бұл өкінішке орай күмән туғызатын мәселе. Аялдаманың бағалары интернетте 2,5-3 млн теңгенің төңірегінде. Бұндай қаражатқа біздің Петропавл қаласында бір бөлмелі немесе жатақханадан үй сатып алуға болады." Жанат Мұхамеджанов, қалалық қоғамдық кеңес мүшесі
Қалалық әкімдік өкілдері бір жылдан бері қараусыз тұрған аялдамаларға жуық арада жылу беріп, жарық желілерін тартамыз деп сендіріп бақты.
"Барлық жылы аялдамалар бойынша ПСД жасалды, техусловие алынды. Қазіргі кезде қосылу жұмыстары жасалып жатыр. Бағасына ПСД жасау және де бір жыл бойы аялдаманы күту бойынша жұмыстар кіреді." Әсем Айтолла, қалалық әкімдіктің баспасөз хатшысы
Петропавлда 3 жыл бұрын да бірнеше жылы аялдама орнатылған болатын. Алайда олар әлі күнге жабық тұр.