Таразда "Тәрбиелі жастар – қоғам тірегі" тақырыбында форум өтті

Таразда "Тәрбиелі жастар – қоғам тірегі" тақырыбында форум өтті, сурет - Zakon.kz жаңалық 14.02.2025 19:56 Сурет: Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметі
Таразда "Тәрбиелі жастар – қоғам тірегі" атты жастар форумы өтті. Шараны Жамбыл облысы әкімдігі, полиция департаменті, Ш.Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің ұйымдастырды.

Форумға Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, қоғам қайраткерлері, құзырлы орган өкілдері мен белсенді жастар, еріктілер қатысты.

Тағылымды шара қоғамдағы өткір де өзекті мәселелер суреттелген сахналық қойылыммен ашылды. Бұдан соң, есімі елге белгілі өнер майталмандары ұлт зиялыларының рөлін сомдап, жастардың санасына сәуле түсірді. Әртістердің шеберлігі мен таланты көрермендерді таңғалдырып, залды ерекше эмоцияға бөледі.

Сурет: Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Облыс әкімі жастарды шынайылыққа тәрбиелеп, туған жеріне қызмет етуге баулу – басты назарда екенін атап өтіп, ізгі лебізін берілді.

"Біз халқымызды әлемге танытқан ең асыл қасиеттерді сіздердің бойларыңыздан көргіміз келеді. Қазіргі жастар Бауыржан Момышұлының "Отан үшін отқа түс – күймейсің!" деген сөзін берік ұстануы керек. Өйткені, Тәуелсіз Қазақстанның тұғырлы тірегі, үкілі үміті, берік қалқаны – Сіздерсіздер. Қайратты жастарымыз көп болса, мемлекетіміздің болашағы баянды болмақ. Қазақстанның ертеңі – саналы әрі талапты жастардың қолында. Сіздер еңбек пен білімді, ар мен намысты, Отан алдындағы парызды ту етіп ұстасаңыздар – алынбайтын қамал, аспайтын асу жоқ. Жастық жігерлеріңіз жалындай берсін! - деді облыс әкімі.

Сурет: Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Айта кетейік, өткен жылы өңірде 25 400 жас жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылды. Биыл да бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасатын болады.

Сонымен бірге "Дипломмен ауылға" жобасы аясында 224 жас маманға тұрғын үй сатып алуға немесе салуға жалпы 1,8 млрд. теңге бюджеттік несие берілді. 487 жас маманға 180 млн. теңге көлемінде біржолғы көтерме жәрдемақы төленді.

Сурет: Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

"Ауыл аманаты" жобасына 582 жас қатысып, олар жеке кәсіптерін дамытуға 2,5 пайызбен жалпы 3,7 млрд. теңге жеңілдетілген несие алды.

"Әулиеата жастары" өңірлік тұрғын үй бағдарламасы арқылы 140-қа жуық жасқа баспаналы болу бақыты бұйырды.

Өз кезегінде ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ерболат Саурықов, облыстық полиция департаментінің бастығы Бақытжан Малыбаев, қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазы орамды ойларын ортаға салды. Өзге де қонақтар жастардың таным-түсінігін, көңіл көкжиегіне кеңейту бағытында

"Айналайын, жастар! Мемлекет сендерге үлкен үміт артады. Армандарың асқақ, мақсаттарың биік, ойларың ұшқыр болсын!", - деп тіл жанашыры Оразкүл Асанғазы аналық ақ тілегін жеткізді.

Сурет: Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Форумда ұлттық дәстүрге негізделген патриоттық әндер шырқалып, жиналғандарға тамаша әсер сыйлады.

Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: