Алматыда жаңа перзентхана мен жедел жәрдемнің қосалқы станциясы салынады

Қала басшысы ағымдағы жылдың наурыз айында №2 қалалық мамандандырылған балалар үйінің ғимаратын күрделі жөндеу бойынша құрылыс-монтаж жұмыстарын аяқтау жоспарланып отырғанын хабарлады. Күрделі жөндеу аудан тұрғындарының сапалы медициналық қызметтерге қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында жүргізілуде. 2024 жылдың мамыр айында 1 млрд теңге бөлініп, жұмыстар басталды.
Ағымдағы жылдың маусым айында жедел жәрдем жүйесін жаңарту аясында ескісін бұза отырып, № 4 жедел жәрдем қосалқы станциясының жаңа ғимаратының құрылысы аяқталады. Бұл медициналық қызметтің сапасы мен тиімділігін арттырады.
"Тамыз айында "Думан" ш/а бір ауысымда 500 келушіге арналған емхана құрылысына ЖСҚ әзірлеуді аяқтау, "Алатау" емханасын реконструкциялау, сондай-ақ ескісін бұза отырып, №2 перзентхананың жаңа ғимаратын салу жоспарлануда", – деп атап өтті Ерболат Досаев.
Бұған дейін Алматыда қала әкімінің тапсырмасы бойынша №2 перзентхана бұзылады деп хабарланған болатын. 1937 жылы салынған ғимарат әбден тозған және қазіргі стандарттарға сәйкес келмейді. Жаңа ғимаратты жобалау аяқталып, 2025 жылдың маусымында сараптама басталады деп күтілуде. Жұмыстың аяқталу мерзімі – 2026 жылдың соңы.
Алматыда денсаулық сақтау инфрақұрылымын жаңғыртуды қаржыландыру 2025 жылы 2,6 есе 69,4 млрд теңгеге дейін ұлғайтылды.