Ұлытау облысының Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы сотталды

Жезқазған қалалық соты Облыстың Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Омар Ә., оның қарамағындағылар – тілдерді дамыту бөлімінің басшысы А. Сарбаеваға, "Облыстық ғылыми-әдістемелік орталығы" КМҚК басшысы Г. Жолашароваға және "Тілдерді дамыту ресурстық орталығы" КММ басшысы Ж. Оспановаға, сондай-ақ жеке компанияның өкілі О. Талғатқа қатысты үкім шығарды.
Олар Жезқазған қаласында 3,9 млн теңге сомасына мәдени іс-шараларды ұйымдастыру жөнінде қосымша келісім жасасу арқылы лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдаланғаны үшін кінәлі деп танылды.
Сот үкімімен Омар 6 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылса, оның қатысушыларына 1 жылға бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындалды.
Сонымен қатар, сотталғандарға мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде қызмет атқаруға өмір бойы тыйым салынды.
Сот актісі заңды күшіне енген жоқ.
Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына және Қылмыстық-процестік кодекстің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әрбір адам кінәсіз деп есептеледі.