Қызылордада аккумулятор ұрлығымен айналысқан жас жігіт ұсталды

Жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде полиция қызметкерлері қылмыс жасады деген күдікпен облыс орталығының 19 жастағы тұрғынын ұстады.
Күдікті ұрлаған затты сатып, ақшасын бас пайдасына жаратқан. Тексеру барысында күдіктінің басқа да осы тектес қылмыстарға қатысы бар екені анықталды.
Ол 1 ай бойы қала орталығында есігі құлттанбаған және дабыл жүйесі онатылмаған көліктерден магнитофон, аккумулятор және тағы да басқа құнды заттарды ұрлап келген.
Полицейлер оның 10 ұрлыққа қатысы барын дәлелдеді. Қолды болған 5 аккумулятор, магнитофон және тағы да басқа көлік құралдары сатып алушылардан, қалғаны күдіктінің үйінен тәркіленді. Жәбірленушілерге келтірілген залал шамамен 1 млн теңгені құрады.
Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеп-тексеру әрекеттері жүргізіліп жатыр. Ұрлық қылмысына күдікті азамат уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды. Полиция қызметкерлері мүліктеріңізге барынша сақ болуды ескертеді.