Жыл басынан бері есірткіге қатысты 1500-ге жуық іс тіркелген

Бұл тек нашаны сақтағандарға қатысты дерек. Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысының өзі есірткі қылмысы елде белең алып бара жатқанына тоқталып, жаңа құжат әзірлеуді тапсырды. Елде есірткіге еліткендер саны азаймай тұр, деп жазады 24.kz.
Жыл басынан бері 1 жарым мыңға жуық құқықбұзушылық тіркелсе, соның 600-ден астамына қылмыстық іс қозғалған. Одан бөлек полиция 2 тонна шамасында есірткі тәркілеген. Оның 120 келісі синтетикалық заттар болса, 140 келіден астамы гашиш, 600 грамы кокаин.
"Енді есірткі жасырып тасымалдайтындар жаңа заң бойынша 5-тен 8 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Бұрын бұл жаза 10 жылға дейін болатын. Аталған түзетулер құқық бұзушылардың жасы мен тұрмыстық жағдайын ескере отырып қабылданды. Жаңа нормада жауапқа тартылушының нешінші рет істі болғаны және есірткінің көлеміне байланысты жаза арқалайды." Қуандық Әлжанов, ҚР ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары
Былтырдың өзінде 8 мыңға жуық құқықбұзушылық тіркелсе, соның 3400-ден астамына қылмыстық іс қозғалған. Арасында есірткіні сақтаудың 430, оны жарнамалаудың 350 және қолдан өсіру бойынша 300-дей дерек бар Және нашаны шетелден Қазақстанға контрабанда арқылы кіргізбек болған 200-ден астам оқиғаның жолы кесілген.
"Қазіргі таңда бас бостандығынан айыру орындарында 35 мыңнан астам тұлға бар. Оның 4 мыңға жуығы – есірткі бойынша ұсталғандар. Соның 1200-і – есірткі жасырушылар. Статистика бойынша былтырғы және биылғы деректер бойынша есірткі тасымалдаушылардың орта жасы 16 мен 32 жас аралығында. Бұл есірткі тасымалдаушылар." Медетбек Смағұлов, ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитетінің аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі
Қазіргі таңда каннабистік-апиын тектес есірткі заттарына сұраныстың азаюына байланысты синтетикалық есірткі заттарын тарату соған қатысты жұмысты жарнамалауға әсіресе жастарды баулиды. Ол 16-25 жас аралығындағы жастар, жасөспірімдер дейміз оларға телефондарына немесе әртүрлі мессенджерлерден хабарлама келіп, жұмысқа шақырады. Жасөспірім балаларыңызға көбірек назар аударыңыздар. Егер балаңыздың көзі қызарып, мінезі агрессивті болып өзгеріп, салмағы азайып, жеке заттарының ішінде таразы, скотч, фольга, изолента деген заттар байқап қалсаңыз, балаңыз есірткі жасырушы болып, ақша тауып жүруі мүмкін, дедйді Әлия Қибатқызы, Астана қаласы ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі.
Елімізде есірткі қолданатын 20 мыңға жуық адам бақылауға алынған. Оның үстіне құрамы бір болғанымен, атауы мың құбылған зиянды зат та көбейіп барады. Өкініштісі, есірткі таратушылар түрлі айлаға салып, жас буынның тағдырын талқандап жатыр.