Елімізде Ислам даму банкінің қолдауымен жаңа су қоймалары салынады

Бұл жайында Су саласын дамыту бойынша серіктестердің Үйлестіру кеңесінің II отырысы аясында Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Ислам даму банкінің Қазақстандағы өңірлік өкілдігі басшысының міндетін атқарушы Али Хан және БҰҰ Даму Бағдарламасының ҚР-дағы Тұрақты өкілі Катаржина Вавьерниамен кездесті.
Тараптар "Климатқа төзімді су ресурстарын дамыту" жобасын іске асыру бойынша бірлескен жұмысты талқылады. Жобада көзделген:
- Астана су қоймасын толықтыру,
- 4 жаңа су қоймасын салу,
- жұмыс істеп тұрған 4 су қоймасын реконструкциялау,
- 115 арнаны реконструкциялау және күрделі жөндеу .
Жұмыстар Ақмола, Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан, Батыс Қазақстан, Жетісу облыстарында және Астана қаласында жүзеге асырылады.
Сондай-ақ Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтына еліміздің су және өзен бассейндерін зерттеуге, Су ресурстарының ақпараттық-талдау орталығы үшін ерте ден қою жүйелерін енгізуді бағалауға және "Қазсушар" кәсіпорнын техникалық жарақтандыруға Ислам даму банкінің грантын бөлу көзделген.
"Қазіргі уақытта барлық қажетті құжатты әзірлеу және оларды басқа мемлекеттік органдармен келісу жүргізіліп жатыр",- делінген министрлік ақпаратында.
Бұған дейін Павлодарда Ертіс өзені арқылы өтетін автокөлік көпірі жабылғандығы хабарланған болатын.