"3200-4000 теңге". Қазақстанда ет бағасы шарықтап тұр

Almaty.tv мәліметінше, биыл ет бағасы тұрақты түрде көтеріліп келеді. Әсіресе, сиыр еті 1000 теңгеге жуық қымбаттап, жылқы етінен асып түскен. Қазір бұл өнім ең қажет тамақ емес, нағыз деликатеске айналып барады.
"Жоқ, қазір етті аз қолданатын болдық", – деді тұрғын.
"Қазақтар етсіз күн көре алмайды. Амал жоқ, азайттық", – деді тұрғын.
Түркістан базары бұрыннан жұртты арзан бағасымен қызықтыратын. Алайда қазір сиыр еті - 3200 теңге. Жылқы еті - 3000. Дәл осындай жағдай еліміздің басқа өңірлерінде де байқалады. Ал сатушылар өзге елдер тарапынан етке сұраныс артқандықтан, баға да көтеріліп кеткенін айтты.
"Шекара ашық тұр, жабу керек. Өзіміздің ел де ет жейді ғой. Қазір 3200, 3000 теңгеге сатып отырмыз, бұған дейін ет бағасы 2600 теңге болған", – деді сатушы Абдулазиз Абдурахманов.
Үкімет ішкі нарықта тапшылық жоғын айтты. Дегенмен жуырда ғана Қазақстан ет одағының басшысы Мақсұт Бақтыбаев «елде мал ұстау тиімсіз» деген. Республикадағы малшылар кейінгі 6 жылда мал басын 2 миллионға қысқартқан.
"Қазақстанда 8 миллион бас ірі қара бар, бірақ ішкі нарық шағын болғандықтан малдың бағасы өте төмен, яғни фермерлер етті 1500-1600 теңгеге сатады. Бұл баға малды өсіруге кеткен шығыннан 20 пайыз төмен. Мұндай баға 4-5 жыл бойы жалғасқан, нәтижесінде фермерлер көп малды сойып, сатуға мәжбүр болды. Себебі тиімсіз", – деді Қазақстан ет одағының директоры Мақсұт Бақтыбаев.
Базардағы баға ырыққа көнбеген соң, Үкімет тұрақтандыру қорлары арқылы жағдайды реттеуге көшкен. Мәселен Түркістандағы сауда нүктелерінде әр сейсенбі және бейсенбі күндері сиыр еті 2500 теңгеден сатылады. Бұл нарықтық бағадан 500-700 теңгеге төмен.
"Бағаны түсіруге көп көмегін тигізіп отыр. Сиыр етін сатушылар да байқаған. Халық аптасына екі рет арзан бағада ет сатылатынын біледі", – деді "Түркістан әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы" АҚ тұрақтандыру қоры департаментінің директоры Лаура Жанасбаева.
Мамандар тым құрығанда мал басын қалпына келтіру қажет деп есептейді. Бұған кемінде төрт жыл қажет. Бірақ аталған жұмыс қолға алынбаса, нарықтағы баға қымбаттай береді