Шерзат Полат ісі: айыпталушылардың көпшілігі кінәсін мойындамады

Сот процесінде судья Ержан Жанұзақов айыпталушылардан айыптау актісінің мазмұны түсінікті ме және өз кінәларын мойындай ма деп сұрады. Айыпталушылардың жауаптары төмендегідей болды:
- Абзал Шынасыл – бұзақылық бойынша кінәсін ішінара мойындады, алайда "кісі өлтіру" бабымен тағылған айыпты мойындамады;
- Равиль Сакиев – кінәсін толық мойындамады;
- Шыңғыс Белғожаев – кінәсін мойындады, бірақ істе сәйкессіздіктер бар екенін атап өтті;
- Азамат Тоқтаубаев – кінәсін ішінара мойындады, "оқиға орнында болдым, бірақ қолымда пышақ болған жоқ" деп мәлімдеді. Сондай-ақ, "телефонды ұрлау мақсатында емес, жай ғана алдым" деді.
- Дархан Аскентай – кінәсін мойындамады;
- Нұрқияс Ілиясов – кінәсін мойындамады;
- Нұрбол Тоқтаубаев – кінәсін ішінара мойындады;
- Дидар Қалиахмет – кінәсін толық мойындамады;
- Думан Ысқақ – кінәсін толық мойындамады.
Одан әрі сот іс жүргізу тәртібі белгіленді: алдымен жәбірленушілерден жауап алынады, содан кейін куәлардан, кейін айыпталушыларға ауысады.
Келесі сот отырысы 18 сәуір күні сағат 10:00-ге белгіленді.
Еске салайық, 2024 жылғы 4 қазанда Алматы облысы Талғар ауданында әке-шешесінің көзінше 16 жастағы Шерзат Полат қандықол қылмыскерлер қолынан қаза тапты. Марқұмның туыстары әділ тергеу жүргізуді сұрап, көшеге шықты. 16 қазанда олардың үйі түгі қалмай өртеніп кетті. Полиция мұның қасақана от қою екенін растады. Ал 9 желтоқсанда Шерзат Полаттың ағасы өлі күйінде табылды.
Бұл ретте, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ana tili газетіне берген сұхбатында Талғарда кісі қолынан қаза тапқан жасөспірім Шерзат Полаттың өлімі туралы айтқан болатын. 2025 жылы 27 ақпанда Шерзат Полаттың өліміне қатысты істі тергеу аяқталды. Қылмыстық іс 62 томнан тұрады.