Мемлекет басшысы Маңғыстаудағы туризм саласына жеке инвестиция тарту мәселесіне тоқталды

Мемлекет басшысы Маңғыстаудағы туризм саласына жеке инвестиция тарту мәселесіне тоқталды, сурет - Zakon.kz жаңалық 18.04.2025 17:48 Сурет: akorda.kz
Қасым-Жомарт Тоқаев туризмнің қарқынды дамуына жол ашатын бағыттарды атады, деп хабарлайды Zakon.kz.
"Туризм – аймақ экономикасының мұнай-газ саласынан кейінгі маңызды секторы. Былтыр облысқа шетелден 43 мың турист келді. Еліміздің басқа аймақтарынан келген қонақтардың саны 460 мыңға жуықтады. Соңғы үш жылда жалпы туристер саны 1,5 есе артты. Жазда қонақ үйлердің 90 пайыздан астамы бос болмайды. Бекет Ата жерасты мешітіне, Бозжыра шатқалына, Айрақтыдағы «Қамалдар алқабына» және Торыштағы домалақ тастарға туристер өте көп барады. Маңғыстауға келетін әрбір оныншы адам осы нысандарға арнайы соғады".  Қасым-Жомарт Тоқаев

Президенттің пікірінше, туристерге, әсіресе, мүмкіндігі шектеулі жандарға қолайлы жағдай жасау қажет.

"Мен мұны үнемі айтып жүрмін. Осы бағыттағы жұмысты жалғастыру қажет. Бекет Ата жерасты мешітіне көтерілу үшін автоматты қондырғы орнату туралы ұсынысты мұқият қарау керек. Жалпы, туристік нысандарға сондай жүйе орнату әлемдік тәжірибеде бар. Бірақ кесене – халқымыз үшін киелі орын. Сондықтан жұртшылықпен, түрлі мамандармен ақылдасып, жан-жақты ойластырып шешім қабылдаған жөн. Мен бұл ұсынысты қолдаймын. Мен былтыр туризмді дамыту жөніндегі жиында әлеуеті зор бағыттарды атап өттім. Ал нақты Ақтауға келетін болсақ, бұл – көлік-логистика, туризм тұрғысынан бірегей қала. Бұл әлеуетті тиімді пайдалануымыз керек. Сондай-ақ теңіз туризміне баса назар аудару қажет. Бес елдің теңіз айлақтары бір-біріне жақын орналасқан. Ресей, Иран және Кавказ елдерінің миллионнан астам тұрғыны бар 10 қаласынан туристер шақыруға болады. Ыстанбұл, Анталья, Лондон, Мәскеу, Астрахань, Тбилиси, Баку және басқа да қалалардан шығатын ұшақтардың транзиттік дәліздері осы жерде тоғысады. Мұның бәрі туризмнің қарқынды дамуына жол ашады. Ақтау портында жаңа теңіз портын салу қажеттігі туындап отыр. Айлақтарды жолаушы таситын кемелер тоқтауға болатындай етіп жаңғырту керек".  Қасым-Жомарт Тоқаев

Президент сондай-ақ Үкімет "Маңғыстау" туристік аймағын дамытудың кешенді жоспарын шұғыл түрде бітіруі керек екенін айтты. Маусым айында бұл жоспарды мақұлданады.

"Облыс әкімдігі Үкіметтің қолдауымен осы салаға жеке инвестиция тарту мәселесін пысықтауы қажет. Тағы бір мәселе, бұл – іс-шаралар туризмі (Event tourism). Ақтау түркі әлемінің мәдени астанасы мәртебесін алды. Жақында ашылу рәсімі жақсы өтті. Бұл іс-шараға өз азаматтарымызбен қатар, түркітілдес елдер де зор қызығушылық танытты. Алдағы уақытта 30-дан астам іс-шара өткізіледі. Осының бәрі аймаққа туристер тартуға жол ашуға тиіс. Бұл жұмысты белсенді жүргізу қажет. Жалпы, аймаққа шетел инвестициясы тұрақты келіп жатыр. Бірақ оның үштен екісі мұнай-газ секторына тиесілі. Сондықтан басқа да салаларға белсенді түрде инвестор тарту қажет". Қасым-Жомарт Тоқаев

Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: