Президент Маңғыстаудағы балалардың тамақтан жаппай улану деректері туралы: Бұл – әбден ұят нәрсе

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау облысындағы денсаулық сақтау жүйесіндегі кемшіліктер туралы айтты, деп хабарлайды Zakon.kz.
Президенттің айтуынша, кейінгі жылдары аймақта нәрестелердің өлімі азайып келеді. Бірақ елдегі жағдаймен салыстырғанда, бұл көрсеткіш бәрібір жоғары; Қазақстан бойынша – 6,01.
Аймақта қатерлі ісік дертіне шалдығу және одан көз жұму деректері азайған. Онкологиялық ауруын асқындырып алған адамдар әлі де көп. Облыста жедел жәрдем бригадалары жетіспейді.
Тоқаев білім беру мекемелерінде болып жатқан келеңсіз оқиғаларға жа тоқталды.
"Балалардың тамақтан жаппай улану деректері азаймай тұр. Бұл – әбден ұят нәрсе. Былтыр 400-ден астам бала, биыл 42 бала зардап шеккен. Бұл оқиғалар мектептерде азық-түлік қауіпсіздігі сақталмай жатқанын көрсетеді. Үкіметке жауапты мемлекеттік органдармен бірлесіп, оқушылардың қауіпсіздігін қатаң бақылауға алуды тапсырамын. Білім беру мекемелері қызмет көрсететін ұйымдармен сапалы әрі нақты жұмыс жүргізуі керек. Әкімдік осындай өрескел жағдайларға мүлде жол бермеуге тиіс. Жалпы әлеуметтік саланың маңызы айрықша. Себебі, біз – әлеуметтік елміз", - деді ол.
Президент сондай-ақ әлеуметтік жеңілдіктер мен жәрдемге ие болу үшін қитұрқы әрекеттер жасайтындарды тілге тиек етті.
"Қандай жағдай болса да, мемлекетіміз тиісті әлеуметтік міндеттемелерді орындайды. Мұқтаж жандардың бәріне қажетті көмек көрсетіледі. Әлемде мұндай тәжірибе сирек кездеседі. Бірақ біз үшін бұл – мызғымас ұстаным. Сондай-ақ мәселенің екінші жағы бар. Әлеуметтік жеңілдіктер мен жәрдемге ие болу үшін қитұрқы әрекеттер жасайтындар аз емес. Тіпті әлеуметтік алаяқтық пайда болды деп айтуға болады. Ондай алаяқтар мемлекетке де, қоғамға да зиянын тигізіп жатыр. Көмек шын мұқтаж адамдарға берілуге тиіс. Сондықтан тағы да қайталап айтамын, әлеуметтік қолдау жүйесін мұқият зерделеу керек. Облыс әкімі сирек кездесетін металдардың көзін ашу үшін геологиялық барлауды белсенді түрде жүргізу керек деп ұсыныс айтты. Қолдаймын. Үкімет бұл мәселеге ерекше көңіл бөлуі қажет. Осымен күн тәртібіндегі мәселенің бәрін қарадық. Барлық тапсырмалар уақтылы орындалуға тиіс. Әр мәселе менің жеке бақылауымда болады. Тағы да айтайын, еліміздің болашағы тек өзіміздің қолымызда. Сырттан біреу келіп, бізге өз жұмысымызды істеп бермейді. Бұл – Маңғыстау облысына тікелей қатысты сөз".Қасым-Жомарт Тоқаев
Мақаламен бөлісу
Оқи отырыңыз
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript