Алматы әкімдігі Тоқаевтың тапсырмаларын іске асыру бойынша нақты жоспар әзірледі

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылдың 28-29 наурыз күндері Алматыға жасаған жұмыс сапары барысында Ерболат Досаевқа қаланы жан-жақты дамытуға қатысты тапсырма берген болатын.
Бұл туралы президент кеңесшісі - баспасөз хатшысы Руслан Желдібай хабарлады.
"Осыған сәйкес, қала әкімдігі нақты іс-шаралар жоспарын әзірледі. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау жөніндегі есеп бекітілген тәртіп бойынша дайындалып, мерзімінде ұсынылып отыр", деп жазды ол Telegram-дағы арнасында.
Әкім қызметінің тиімділігіне Президент әкімшілігі сараптама жүргізетіні де нақтыланады. Атқарылған жұмыстардың нақты нәтижелері бойынша Алматы қаласы әкімдігі ақпараттандырып отырады.
Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев Ерболат Досаевқа экология мәселесіне ден қойып, инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғырту, жыл соңына дейін сапалы сыртқы жарықтандырумен қамтамасыз ету, сондай-ақ Алматының орнықты дамуына қатысты берген тапсырмаларын мұқият орындауы тұрғысында бірқатар маңызды тапсырма берген болатын. Әкімнің екі апта сайын есеп беретіні де айтылған.