Ерейментауда электр станциясын салу кезінде 8,5 млрд теңге желге ұшты

Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының дерегінше, күдіктіге алаяқтық, атап айтқанда, адамдар тобының алдын ала сөз байласуы арқылы, алдау және сенімді теріс пайдалану жолымен, ірі және аса ірі мөлшерде жәбірленушілердің ақшалай қаражатын бірнеше рет ұрлады деген айтып тағылды.
"Сотпен Б. және М. басқа адамдармен бірлесіп, алдын ала сөз байласу арқылы әрекет ете отырып, 2020-2022 жылдар аралығында "Ерейментау қаласында қуаты 50 МВт жел электр станциясын салу" жобасын іске асыруға арналған "Е" ЖШС – нің ("Самұрық-Энерго" акционерлік қоғамының еншілес компаниясы) ақшалай қаражатын ұрлағаны анықталды. Ұрлық жалған келісім-шарттармен және аффилирленген компанияларға ақша аудару арқылы жасалған. Шығын мөлшері 8,5 млрд теңгеден асады",- делінген ақпаратта.
Сондай-ақ, 2021 жылдың қазан айында Б. "П" акционерлік қоғамымен трансформаторлық қосалқы станцияларды жеткізуге шарт жасасқан, алайда өз міндеттемелерін орындамаған.
Прокурор бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.
Сот үкімімен:
- Б. – 8 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылып, мемлекеттік наградасы – "Құрмет" ордені алынды;
- ҚК-нің 55-бабы 2-бөлігінің 2-тармағын қолдана отырып, М.-ға 6 жыл 8 ай бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды.
"Е" ЖШС – нің азаматтық талап қоюы ішінара қанағаттандырылып, 8,5 млрд және 3 млн теңгеден астам сот шығыстары өндірілді. Талап қоюдың қалған бөлігі қараусыз қалдырылды.
Бұған дейін Алматы облысының депутатының Таразда соққыға жығылғандығы хабарланған болатаын.