Оқушылар мен студенттер демалыс кезінде қандай жұмыстар істей алады - Светлана Жақыпова түсіндіріп берді

Оқушылар мен студенттер демалыс кезінде қандай жұмыстар істей алады  - Светлана Жақыпова түсіндіріп берді , сурет - Zakon.kz жаңалық 20.05.2025 13:11 Сурет: primeminister.kz
Халықты әлеуметтік қорғау және еңбек министрі Светлана Жақыпова 20 мамырда үкімет отырысында мектеп оқушылары мен студенттердің жазғы демалыс кезеңінде жұмыспен қамтылуын ұйымдастыру шаралары туралы айтты, деп хабарлайды Zakon.kz.

Ол 14-тен 18 жасқа дейінгі, заңнамаға сәйкес еңбек қызметіне рұқсат етілген мектеп оқушыларының саны шамамен 1,5 миллион адамды құрайтынын, оның ішінде 26,5 мың – мүгедектігі бар оқушылар екенін атап өтті.

"Ақпараттық жүйелердің деректеріне сәйкес, бүгінгі таңда мектеп жасындағы 24,3 мың бала жұмыспен қамтылған. Ең көп саны сауда саласында (5,3 мың), тұру және тамақтану қызметтері саласында (3,6 мың) жұмыс істейді. Алдағы демалыс кезеңінде оқушыларды жұмыспен қамту үшін келесі іс-шаралар ұсынылады: электрондық еңбек биржасы арқылы тиісті бос жұмыс орындарын іріктеу, онлайн-оқыту, қоғамдық жұмыстарды ұйымдастыру және кәсіптік бағдар беру", – деп хабарлады Светлана Жақыпова.

Электрондық еңбек биржасында (enbek.kz) "Менің жазғы демалысым" атты арнайы бөлім құрылды, бұл оқушыларға (мектеп оқушылары мен студенттерге) 14 жастан бастап платформада тіркелуге, жеке кабинет құруға, түйіндеме орналастыруға және өз бетінше тиісті бос жұмыс орындарын іздеуге мүмкіндік береді. 16 жасқа дейінгі оқушылар үшін тіркеу және жеке кабинет құру заңды өкілдер (ата-аналар, қамқоршылар) арқылы жүзеге асырылады.

Бұдан бөлек, Skills.Enbek онлайн-оқыту платформасында мектеп оқушыларына жаңа дағдыларды меңгеруге немесе бар дағдыларын жетілдіруге мүмкіндік беретін түрлі салалар бойынша ақысыз және ақылы курстардың кең ауқымы ұсынылады. Бүгінгі күні платформада 1 294 курс жарияланған, олардың 322-сі – тегін, ал 67 курс мүмкіндігі шектеулі жандарға бейімделген.

"Жалпы білім беретін мектептердің жоғары сынып оқушылары үшін жазғы демалыс кезінде қоғамдық жұмыстарды жергілікті атқарушы органдардың ұйымдастыру тәжірибесі жалғасатын болады. Мектеп оқушыларына арналған қоғамдық жұмыстардың ерекшеліктері: толық емес жұмыс күні немесе икемді кесте негізінде жұмыстарды ұйымдастыру мүмкіндігі; өңір үшін экономикалық, әлеуметтік және экологиялық пайдалығы; арнайы білімі жоқ тұлғаларды уақытша жұмыспен қамту мүмкіндігі. Ай сайынғы жалақы мөлшері кемінде 24 АЕК-ті (94 368 теңге) құрайды", – деп қосты Светлана Жақыпова.

Мансаптың тиісті бағытын таңдауға көмектесу үшін "Мансап компасы" платформасы жұмыс істейді, ол кәсіби бағдарлау тестілері арқылы мансаптық қызығушылықтарды анықтауға, сұранысқа ие мамандықтар туралы ақпарат алуға және оқу орнын таңдауға көмектеседі.

Бұған дейін Түркістан облысының түлегі ҰБТ-дан ең жоғары 140 ұпай жинағанын хабарлаған болатынбыз.

Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: