Алматы тауларында оқу жылының аяқталуына арналған фотосессия қайғылы оқиғаға айнала жаздады

Алматы қалалық Құтқару қызметінің баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға сағат 15:30 шамасында Аюсай шатқалындағы Проходная өзенінде болған.
9-сынып оқушысы 18 сыныптасымен және сынып жетекшісімен бірге фотосессия жасап жүргенде тайып кетіп, өзенге құлаған.
Құтқарушылар оқиға орнына жедел жетіп, сағат 15:56-да қызды құлаған жерден шамамен 500 метр төмен, бөгет маңынан тапқан. Оны өзеннің қол жетуі қиын жерінен эвакуациялап, жедел жәрдем бригадасына тапсырған.
Елімізде оқу жылы аяқталуға жақын. Алматыда 23 мамыр күні "Білімім – Отанымa!" тақырыбында бірыңғай сынып сағаты өтеді, ал 11-сынып түлектеріне арналған салтанатты жиындар 24 мамырда ұйымдастырылады.
20 мамырда ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов алда болатын мерекелік шараларға байланысты барлық қазақстандық ата-аналарды балаларын қадағалауды ұйымдастыруға шақырды. Үкімет басшысы дәл осы кезеңде түрлі оқыс оқиғалар қаупі арта түсетінін ерекше атап өтті.