Қазақстан "Байқоңыр" ғарыш айлағын жалға беру шарттарын қайта қарастыра ма

2025 жылғы 4 маусымда Мәжіліс кулуарында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев “Байқоңыр” ғарыш айлағын жалға беру шарттарын қайта қарау мүмкіндігі туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Zakon.kz.
Жаслан Мәдиевтің айтуынша, Қазақстан ғарыш айлағындағы ұшырылымдар тізбегіне еніп, басқа компаниялардың да тапсырыстарын тарта алады. Осыған байланысты журналистер "Қазақстан "Байқоңыр" ғарыш айлағын жалға беру шарттарын қайта қарауы мүмкін бе?" деген сұрақ қойды.
"Қазір жалға беру шарттарын қайта қарау қажеттілігін көріп отырған жоқпыз. Себебі бұл келісім 2050 жылға дейін жасалған, жыл сайын арендалық төлемдер түсіп тұрады. Жалға беру басталған уақыттан бері Қазақстан 3 миллиард доллардан астам қаражат алды — оның ішінде ақшалай да, ақшалай емес түрде де. Сондықтан жыл сайынғы 115 миллион доллар көлеміндегі төлемдер бұдан әрі де түсіп тұрады", - деді Мәдиев.
Министрдің айтуынша, жаңа клиенттерді тарту қажет, бірақ қолданыстағы клиенттерден де бас тартуға болмайды – яғни ұшыру қызметін пайдаланушылардан.
"Біздің "Байқоңыр" ғарыш айлағын толық жүктеу қажет", - деп түйіндеді ол.
Айта кетейік, бұған дейін Жаслан Мәдиев ресейліктердің "Байқоңырдан" мерзімінен бұрын кететіні туралы тараған ақпаратты жоққа шығарған еді.
Мақаламен бөлісу
Оқи отырыңыз
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript