Алматыда ертеңнен бастап тағы бір бағытта жаңа электр автобустары пайдалануға беріледі
Сурет: Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі
Жолаушылар тасымалдауға арналған бұл төмен еденді, кең сыйымдылықты электр автобустар бір қуатпен 400 шақырымға дейін жүре алады. Олар дыбыссыз қозғалады, бейнебақылау камералары, кондиционер, USB-қуаттағыш порттары, жүргізушіні бақылау жүйесі және өзге де заманауи жүйелермен жабдықталған.
Жаңа автобустар 2025 жылы 22 маусымнан бастап №19 бағыт бойынша, яғни "Нұркент тұрғын үй кешені – Алматы көшесі" аралығында жолаушы тасымалдай бастайды. Сонымен қатар бұл бағыттағы жолға шығатын автобустар саны 16-дан 18-ге дейін арттырылмақ.
Айта кетерлігі, 2024 жылы Алматының мобильділік басқармасы 600 газбен жүретін автобус, 112 троллейбус және 100 электр автобусын сатып алған болатын. Бұған қоса, қала ішінде 3 жаңа және қала маңына 20 бағыт ашылды.
2025 жылы әкімдік тағы 600 газбен жүретін автобус сатып алуды көздеп отыр. Ал жекеменшік тасымалдаушылар тағы 118 электр автобус сатып алуды жоспарлаған.