Ауылдық жерлердегі учаскелік инспекторлардың еңбек сіңірген жылдары жеңілдетілген тәртіппен есептелетін болады

Мемлекет басшысының айтуынша, бұл бағытта ілгерілеу бар. Бірақ қабылданған шаралар әлі тиімділігін көрсетпеді, өйткені бірізділік жоқ. Халықпен тікелей жұмыс істеуге кедергі келтіретін басы артық бюрократиядан арылу керек.
Реформалардың шынайылығына, әділдікке және мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігіне азаматтардың сенімі көбіне құқық қорғау органдарының кәсіби деңгейіне байланысты.
"Учаскелік инспекторлардың әлеуетін одан әрі нығайту қажет. Себебі олар іс жүзінде мемлекет мен қоғам арасындағы басты дәнекер саналады. Әсіресе, бұл ауылдық жерде анық байқалады. Өйткені жергілікті тұрғындар үшін учаскелік инспектор – қорғаушы, құқықтық кеңесші, тіпті, әділдік сұрап жүгінетін соңғы инстанция. Менің ойымша, ауылдағы учаскелік инспекторларға шен берген кезде жеңілдік жасап, яғни бір жылдық еңбек өтілін 1,5 жыл деп есептеу қажет. Ауылдағы учаскелік инспекторларды баспанамен қамтып, материалдық-техникалық базасын нығайту керек. Өңір әкімдері осы мәселеге мұқият назар аударғаны дұрыс",- деді ол.
Учаскелік полицияны жаңғыртумен қатар патрульдік бекеттер қызметінің жұмысын қайта қарау қажет. Патруль қызметкерлері азаматтармен жұмыс барысында әдеп сақтап, кәсібилік танытқаны жөн. Өз кезегінде азаматтар да полицияның заңды талабына бағынуға міндетті. Әйтпесе көшеде тәртіп болмайды.
"Жалпы азаматтардың қауіпсіздігі мен заң талаптарын мүлтіксіз сақтау үшін құқық қорғау жүйесін одан әрі реформалау керек. Бірақ реформалар реформа үшін ғана жасалмайды. Басты мақсат – қоғамның құқық қорғау жүйесіне сенімін арттыру. Кейбір қызметкерлердің әділетсіз немесе немқұрайды әрекеті күштік құрылым өкілдерінің атына кір келтіреді. Азаматтар мен бизнестен заңды талап еткенде, өздеріңіз лайықты үлгі көрсетулеріңіз қажет. Сонда ғана полиция қызметкерлері мен азаматтар арасында сенімді әріптестік орнайды. Құқық қорғау органдарының қызметін жетілдіру қаншалықты табысты болатыны сіздерге байланысты". Президент
Бұл ретте мемлекет қоғам қауіпсіздігі мен елдегі заң үстемдігін қамтамасыз ететін жандарды жан-жақты қолдауға әрқашан айрықша мән береді.
"Менің тапсырмаммен биылдан бастап күштік құрылымдар еңбекақы төлеудің жаңа жүйесіне көшті. Бұл тәсіл, ең алдымен, аудан деңгейіндегі қызметкерлердің жалақысын көтеруге мүмкіндік берді. Мәселен, үш жылдық тәжірибесі бар полиция жедел уәкілінің еңбекақысы 60 пайызға өсті. Біз тәртіп сақшыларын құқықтық және әлеуметтік тұрғыдан қорғау үшін кешенді шаралар қабылдаймыз.
Сондай-ақ, ол ведомстволық жоғары оқу орындары курсанттарына жағдай жасап, ынталандыру маңызды екенін айтты.
"Олар – біздің күштік құрылымдардың болашағы. Оқуда үздік нәтиже көрсеткен және үлгілі тәртібімен ерекшеленген академия түлектеріне бірден "аға лейтенант" шенін беру қажет деп санаймын. Сондай-ақ оларға бос жұмыс орындарынан өзі қалаған қызмет түрін таңдауына мүмкіндік берілуі керек. Үкімет заңға енгізілетін өзгерістерді әзірлесін",- деді мемлекет басшысы.
Құқық қорғау органдарында үздіксіз әрі мінсіз қызмет атқарғандарға "құрметті қызметкер" атағы беріледі. Алайда кейбір құрылымдарда бұл жоғары атақ басшыларға ғана бұйырады. Қатардағы қарапайым қызметкерлер арасында ұзақ жылдар бойы кәсіби борышын адал атқарып жүрген лайықты кандидаттар жеткілікті. Қызметкерлердің кәсіби деңгейін арттырып, моральдық рухын күшейту маңызды.
Бұған дейін президенттің рақымшылық туралы заңға қол қойғандығы хабарланған болатын.