Антикор жемқор шенеуніктен тартып алынған зәулім үйді көрсетті
Сурет: Telegram/antikornews
Ведомствода атап өткендей, президенттің тапсырмасы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет қайтарған барлық мүлік тек мемлекет пайдасына жіберіледі.
Бейнебаян бүгін журналистерге, қоғам белсенділеріне, блогерлерге, азаматтық қоғам өкілдеріне мемлекет меншігіне қайтарылған мүлік есебінен жүзеге асырылған әлеуметтік маңызы бар нысандар таныстырылған пресс-тур барысында түсірілді.
Заңсыз шығарылған активтерді қайтару жұмысы Агенттіктің маңызды міндеттерінің бірі болып қала береді. 2022 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет мемлекетке жалпы сомасы 1,15 трлн теңгеден астам көлемде мүлік активтері мен қаржыны қайтаруды қамтамасыз етті. Қайтарылған активтер қатарына бизнес-орталықтар, әкімшілік ғимараттар, сауда орындары, тұрғын үйлер, пәтерлер, құрылысы толық аяқталмаған нысандар, жер учаскелері, люкс санатындағы автокөліктер және қаржылық қаражаттар кіреді.
Мысалы, Антикор түсіндіргендей,
- Алматы қаласында: "Maisat" бизнес-орталығы Қазақстан Республикасының "География және су қауіпсіздігі институты" АҚ меншігіне берілді;
- құны 7,9 млрд теңгеден асатын "KaisarTower" бизнес-орталығы Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің иелігіне тапсырылды;
- құны 800 млн теңгеден асатын әкімшілік ғимарат Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының балансына берілді;
- ал Нұр-Сұлтан қаласында құны 5 млрд теңгеден асатын үш жеке үй Астана қаласы әкімдігінің мүгедектігі бар балаларға арналған "Психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті" КММ-не берілді.
Сонымен қатар, Білім инфрақұрылымын қолдау қорының жұмысы бақылауда тұр, оның арнайы шотына 153,3 млрд теңге (немесе 329 млн доллар) аударылған. Қордың қаражаты есебінен барлығы 100 мың оқушы орындық 89 мектептің құрылысы қаржыландырылған. Оның ішінде 61 мектеп пайдалануға берілген, ал 2025 жылы тағы 28 жаңа мектеп салыну көзделген. Қаржыландырудың тағы бір көзі — "Арнайы мемлекеттік қор" болып табылады, ол мемлекет меншігіне қайтарылған мүліктің сатылымынан түскен қаражаттар мен басқа түсімдер есебінен толтырылады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет заңсыз алынған активтерді қайтару жұмысын жалғастыруда.