Ресейдегі ірі мегаполистер қоқыс астында қалды
Фото: Zakon.kz/Павел Михеев
Былтыр 32 өңірде полигондар толып, қалаларды қалдық басқан. Іргелес елде соңғы 15 жыл бойы бұл мәселе көтеріліп келсе де, нәтиже жоқ.
Красноярск, Омбы, Волокаламск және Краснодар. Бұл ең көп қоқыстың астында қалған Ресейдің өңірлері. "5-8 жылдан кейін жағдай ушығады",- дейді мамандар. Былтыр тек Мәскеуден 26 миллион шаршы метр қоқыс шығарылды. Тіпті қоқыс дағадарысымен күреске жергілікті биліктің де қауқары жетпей жатыр, деп жазады qazaqstan.tv.
Ресейде жыл сайын шамамен 70 миллион тонна тұрмыстық қалдық пайда болады, оның көпшілігі полигондарға жіберіледі. Тек 7%-ы қайта өңдеуге кетеді. Ал қоқыс полигондарының 80 пайызы қауіпсіздік талаптарына сай емес. Сондықтан бір күнде 10-15 полигонда өрт оқиғасы тіркеледі. Олардан күкірт, азот, көміртек оксидтері, ауыр металдар тарауда. ХХ ғасырдан бері келе жатқан полигондардың экологияға кері әсері тағы бар.
2050 жылға қарай заңсыз полигондар Ресей аумағының 1% алуы мүмкін. Өңірлер жаңа полигон салу үшін қомақты қаражат жұмсап, арнайы бағдарламалар қабылдауда. Дегенмен Мәскеу, Санкт-Петербург сияқты ірі қалаларда еңбек мигранты азайғандықтан, қоқыс жинайтын адам жоқ.