Жамбыл облысында мопедтердің қатысуымен 72 жол апаты тіркелді
Фото: unsplash
Оның ішінде кәмелет жасына толмаған 30-ға жуық жеткіншек бар. Сондықтан полиция тарапы қалада рейдтік шараларды күшейтті. Қала ішінде қатынаған жастардың басым бөлігінде жүргізуші куәлігі жоқ. Сондай-ақ олар мопедтеріне мемлекеттік тіркеу нөмірін алмаған. Тіпті жол ережесін өрескел бұзғандар оқиға орнынан қашып кететінді шығарған. Олардың дені 13 пен 19 жас аралығындағы оқушылар мен студенттер.
Қазір қаладағы айыптұрақ алдында скутерлеріне сыртынан сығалап жүрген жастарды жиі көресіз. Өйткені тәртіп сақшылары тексеру кезінде 220 мопедті айыптұраққа қойған. Полиция рейд барысында ішімдік ішкен жастар да кездесетінін айтады. Қазір рейдтік шаралардан кейін көшеде құжатсыз жүретін қос дөңгелекті көліктер күрт азайған.
Үш күннің ішінде 59 скутер айыптұраққа қойылды. Оның ішінде 72 азаматқа әкімшілік-құқықбұзушылық бойынша хаттама толтырылды. Сонымен қатар тағы да 608-бап бойынша жазаға тартылғандар бар.