Қызылорда облысы үкіметтен қосымша 7 млрд теңге алады
Фото: Zakon.kz
Аталған қаржы Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру аясында заңсыз шетелге шығарылған активтерді елге қайтару арқылы әлеуметтік нысандар салу жұмыстарын жалғастыру шеңберінде бөлініп отыр.
"Қаражат Арал, Қазалы, Шиелі және Жаңақорған аудандарындағы орталық аудандық ауруханалар жанынан жаңа корпустар салуға бағытталды", – делінген ҚР Үкіметінің баспасөз хабарламасында.
Жаңа ғимараттарда инсульттік орталықтар, рентгенхирургия бөлімшелері сияқты бейінді бөлімдер ашылып, магнитті-резонанстық томография (МРТ), компьютерлік томография (КТ) және ангиографиялық қондырғылар сияқты заманауи медициналық жабдықтар орнатылады.
Бұл жобалар ауылдық жерлердегі 300 мыңнан астам тұрғынды мамандандырылған медициналық көмекпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Нысандарды биыл пайдалануға беру жоспарлануда.
Еске сала кетейік, 2025 жылғы 30 шілдеде үкімет Қызылорда облысындағы егістік алқаптарын сумен қамтамасыз етуге 1 млрд теңге бөлгені хабарланған болатын.