Қазақстанда АӘК пен тұрғын үй көмегін алушыларға газға арналған ваучерлер проактивті түрде беріле бастады
Фото: pixabay
"Астана, Алматы, Шымкент қалаларында және Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Атырау, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Жетісу, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, Түркістан, Ұлытау облыстарында халықты мемлекеттік қолдаудың ақшалай емес шаралары режимінде "Әлеуметтік әмиян" арқылы "Smart Data Ukimet" ақпараттық-талдау жүйесінде жүзеге асырылған "Отбасының цифрлық картасы" аналитикалық шешімі негізінде атаулы әлеуметтік және тұрғын үй көмегін алушыларға тауарлық газға ваучерлер беру" қызметі бойынша пилоттық жобаны проактивті түрде іске қосу", – делінген құжатта.
Қызмет көрсету бойынша пилоттық жобаны іске асыру алгоритмі де бекітілді.
Құжатта көрсетілгендей, пилоттық жоба аясында әлеуетті қызмет алушыларға тұрмыстық тұтынушыларға (1-топ) арналған бағалар қолданылады.
Ваучер әрбір қызмет алушыға жеке бөлінеді.
Ваучерді активациялау қызмет алушы тарапынан ай сайын ағымдағы айдың 7-сі мен 29-ы аралығында жүзеге асырылады.
Ағымдағы айдың 29-нан кейін ваучерді активтендіру мүмкін болмайды.
Бір жеке шотқа тек бір ғана ваучер активтендірілуі мүмкін.
Әлеуетті қызмет алушылардың тізімі "Smart Data Ukimet" (SDU) жүйесінде қажеттілікке қарай ағымдағы айдың 14-іне дейін жаңартылып отырады.
Егер SDU жүйесінде 7-сі мен 14-і аралығында әлеуетті қызмет алушылар тізіміне өзгерістер енгізілсе, олардың ұялы байланыс құрылғыларына SMS-хабарлама жіберіліп, қызмет көрсетуге келісім беру туралы сұрау жолданады.
Егер әлеуетті қызмет алушы 7 күн ішінде SMS-хабарламаға жауап бермесе, оған қайта SMS жіберіледі.
Егер ол айдың 29-ына дейін жауап бермесе немесе қызметтен бас тартса, сол ай ішінде ваучерді активтендіру мүмкіндігі тоқтатылады.
SMS-хабарлама арқылы қызмет көрсетуге келісімін берген тұлға қызмет алушы мәртебесіне ие болады.
Келісім алынғаннан кейін электрондық үкімет порталы (ЭҮП) қызмет алушылардың деректерін "Әлеуметтік әмиянға" жібереді, осы деректер негізінде тауарлық газға арналған ваучерлер ашылады.
Қызмет алушы SMS-хабарламада көрсетілген сілтеме арқылы өтіп немесе eGov Mobile қосымшасын App Store немесе Play Market дүкенінен өзі жүктеп алып, "Әлеуметтік әмиянға" кіру үшін eGov Mobile-ға өтеді.
Порталдан (ЭҮП) алынған деректер негізінде ваучерлер "Әлеуметтік әмиянда" автоматты түрде қалыптастырылады.
Қызмет алушыда eGov Mobile-ға қол жеткізе алатын құрылғы болмаған жағдайда, ваучерді халыққа қызмет көрсету орталықтарында (ХҚКО) активациялай алады.
Қызмет алушы "Әлеуметтік әмиянда" өзінің Тұлғалық (лицевой) шотын енгізеді.
Осыдан кейін әмиян ваучерді пайдалану шарттары көрсетілген ақпараттық хабарламаны (публичная оферта) шығарады.
Қызмет алушы "Жалғастыру" батырмасын басу арқылы офертамен танысқанын растайды.
Тұлғалық шотты енгізу кезінде "Әлеуметтік әмиян" ағымдағы айда осы шотта белсендірілген ваучердің бар-жоғын тексереді.
Егер ваучер бұрын белсендірілген болса, қате туралы хабарлама шығады.
Тұлғалық шот қызмет көрсетушінің ақпараттық жүйесінде тексеріледі. Егер шот бар болса, оның деректері "Әлеуметтік әмиянға" қайтарылып, қызмет алушыға көрсетіледі.
Қызмет алушы деректерді тексеріп, "Растау" батырмасын басу арқылы ваучерді белсендіреді.
Белсендіру сәтті өткен соң, әмиян қызмет алушыға тиісті хабарлама көрсетеді.
Айдың 30-ы күні "Әлеуметтік әмиян" белсендірілген ваучерлер тізімін қызмет көрсетушінің ақпараттық жүйесіне жібереді.
Қызмет көрсетуші тұтынушының тауарлық газ тұтыну көлемін есептеген соң, жеңілдік мөлшерін анықтайды.
Кейін қызмет көрсетуші тұрмыстық тұтынушыға арналған баға бойынша, жеңілдік шегерілген сома көрсетілген түбіртекті ұсынады.
Пилоттық жоба 2025 жылғы 28 тамыздан бастап 2026 жылғы 30 маусымға дейін іске асырылады.