Президент Жолдауынан кейінгі ой: Шымкенттік педагог жасанды интеллекттің білім саласына қосар үлесіне сенімді
Сурет: Жол-көлік колледжі
Жолдауды тыңдауға еліміздің әр өңірінен түрлі сала мамандары арнайы шақырылды. Солардың бірі – Шымкент қаласының тұрғыны, педагог мамандығының иесі Марат Таңсықбаев.
Алғаш рет Президент Жолдауына қатысқан ұстаз өз әсерімен бөлісіп, бұл басқосу оның кәсіби болашағына тың серпін бергенін айтты.

Сурет: Жол-көлік колледжі
"Мен үшін ең әсерлісі — білім саласына және жаңа технологияларға, оның ішінде жасанды интеллектке берілген ерекше назар болды. Президент бұл саланың ел экономикасы үшін маңызды қозғаушы күш екенін атап өтіп, жасанды интеллектті оқу процесіне енгізу қажеттігін баса айтты. Сонымен қатар, мұғалімдердің де осы бағытта біліктілігін арттыруы керек екенін жеткізді. Бұл сөздер мені жігерлендірді, өйткені жасанды интеллект тек техникалық сала мамандарына ғана емес, біз – педагогтар үшін де тиімді құрал бола алады", – деді Марат Таңсықбаев.

Сурет: Жол-көлік колледжі
Оның пікірінше, Жолдауда көтерілген мәселелер әсіресе білім беру сапасын арттыруға бағытталған. Жасанды интеллект көмегімен оқу бағдарламаларын жаңғырту, оқушылар мен студенттердің қабілетін ашу жолдарын жетілдіру – қазіргі заман талабына сай бастамалар.

Сурет: Жол-көлік колледжі
Педагогтың айтуынша, жасанды интеллект арқылы оқу процесін жекелеп жүргізу, әр оқушының жеке қабілетін ескере отырып білім беру – мұғалімдер үшін тиімді құрал әрі үлкен көмекші.
"Президенттің бүгінгі Жолдауы барша ұстаздар үшін үлкен мотивация болды деп есептеймін. Ел болашағы – білімді жастар мен білікті мамандардың қолында екенін тағы бір мәрте түсіндім. Мен де өз тарапымнан жасанды интеллектті қолдана отырып, оқыту әдістерімді жаңартуға бар күшімді саламын", – деді ол.

Сурет: Жол-көлік колледжі
Айта кетейік, Мемлекет басшысы Жолдауда білім және ғылым саласына ерекше басымдық беріп, жасанды интеллект пен жаңа технологияларды енгізу арқылы заманауи әрі сапалы білім беру жүйесін қалыптастыру қажеттігін атап өтті. Бұл бағыттағы нақты тапсырмалар алдағы уақытта іске асырылуы тиіс.