Жаңа ереже: валюта түсімі жөніндегі қорытындыны ұсыну мерзімі мен тәртібі өзгерді
Фото: pexels
Жаңа ережелерге сәйкес, Ұлттық Банктің аумақтық филиалдары, екінші деңгейдегі банктер, "Қазақстанның Даму Банкі" АҚ және "Қазпошта" АҚ салық органдарына валюта түсімі туралы қорытындыны қандай тәртіппен ұсынуы тиіс екені айқындалған.
Салық органдарының сұранысы қалай жүзеге асады?
Салық органдары салықтық тексеру басталғаннан кейін бес жұмыс күні ішінде келесі мекемелерге сұраныс жібереді:
- Ұлттық Банктің аумақтық филиалдарына;
- Екінші деңгейдегі банктерге;
- "Қазақстанның Даму Банкі" АҚ;
- "Қазпошта" АҚ.
Сұраныс арнайы бекітілген форма бойынша жолданады және валюта түсімі туралы қорытындыны сол күнгі жағдай бойынша ұсыну талап етіледі.
Сұраныс екі жағдай бойынша жолданады:
Валюта келісімшарттарына тіркеу нөмірлері берілген экспорттық шарттар бойынша – тіркеу орны бойынша;
Қазақстанда филиалдар немесе өкілдіктер арқылы жұмыс істейтін резидент еместер бойынша – банктік шот ашылған жері бойынша.
Сұраныста қандай мәліметтер көрсетілуі тиіс?
Салық органдары жолдайтын сұраныста мынадай деректер болуы керек:
- Салық төлеушінің атауы;
- Жеке сәйкестендіру нөмірі (ЖСН) / Бизнес сәйкестендіру нөмірі (БСН);
- Экспорттық валюта келісімшартының нөмірі мен күні;
- Сұралатын кезең;
- Тапсырманың тіркеу нөмірі мен күні;
- Экспорттық валюта келісімшартының тіркеу нөмірі және оның берілген күні.
- Қорытындыны ұсыну тәртібі:
Ұлттық Банктің аумақтық филиалдары, банктер, "Қазақстанның Даму Банкі" және "Қазпошта" сұранысты алған күннен бастап 10 жұмыс күні ішінде валюта түсімі туралы қорытындыны салық органдарына ұсынуы тиіс.
Қорытынды басшының немесе оның өкілетті өкілінің электрондық цифрлық қолтаңбасымен (ЭЦҚ) куәландырылады.
Жаңа ереженің күшіне ену мерзімі:
Бұйрық 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді.
Осы бұйрықпен қатар, бұрын қолданыста болған валюта түсімі туралы қорытындыны ұсыну ережелері мен оларға енгізілген өзгерістердің күші жойылады.