Қостанай облысында екі адамның өлімі тіркелді: полиция күдіктіні іздестіруде
Фото: Zakon.kz/Екатерина Елисеева
"Наша газета" жазғандай, чаттарда адамдарға жұмыстан немесе үйден себепсіз сыртқа шықпау туралы ақпарат тарап жатыр. Себебі – Аманқарағай ауылында қос кісі өліміне қатысты күдіктіні іздестіру жүріп жатыр.
"Аманқарағайда екі мәйіт табылды. Жолдар жабылды, қазір күдіктіні барлық жерде іздеп жатыр. Егер жұмыста болсаңыз – сол жерде қалыңыз, үйде болсаңыз – есікті жауып, бейтаныс адамдарға ашпаңыз. Жақындарыңызға ескертіңіз, бәрі хабардар болсын", – делінген хабарламада.
Сонымен қатар мессенджерлерде Әулиекөл ауданындағы қос кісі өлтіруге күдіктінің мүмкін болатын бейнесі тарауда.
"Алдын ала ақпаратқа сәйкес, Аманқарағай ауылында екі адамның өлтірілгені туралы жергілікті тұрғын хабарлаған. Оған көшеде кішкентай қыз жүгіріп келіп, анасымен ағасы үйде еденде жатқанын айтқан. Қылмыс жасады деп ересек ер адам күдіктелуде. Оның марқұмдарға кім болып келетіні әзірге белгісіз", – деп жазады басылым.
Қостанай облыстық полиция департаменті қос кісі өлтіру фактісін растады және қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.
"Қазіргі уақытта күдіктіні ұстау бойынша жедел-іздестіру шаралары, сондай-ақ барлық мән-жайды анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде", – деп түсіндірді департаментте.
Тергеудің мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етілмейді.
Бұған дейін әлеуметтік желілерде Павлодар облысында қатты мас болған ер адам кішкентай баланы аяғынан ұстап, екі рет жерге соққаны туралы хабар тараған. Қыз бала ауыр жарақатпен ауруханаға жеткізілгенімен, аман қалмады. Полиция қылмыстық іс қозғап, адам өлтіру дерегін тергеп жатыр.