БҚО-да облыстық мектеп-лицейдің ғимараты ашылды
Сурет: БҚО әкімдігі баспасөз қызметі
Жаңа мектептің ашылу рәсіміне облыс әкімі Нариман Төреғалиев, білім саласының ардагерлері, аталмыш мектепті басқарған педагогтер қатысты.
"Бүгінгі күн – баршамыз үшін айрықша әрі қуанышты сәт. "Білім – адамзаттың ортақ қазынасы" деп Жүсіп Баласағұн бабамыз айтқандай, жаңа білім ошағымен қазынамыз толығып жатыр. Бұл — мемлекетіміздің білім беру саласына жасаған қамқорлығының, стратегиялық қадамының нақты нәтижесі. Заманауи талаптарға сай салынған, озық технологиялармен жабдықталған бұл мектеп — тек білім ошағы ғана емес, ізгілік пен дамудың, ғылым мен тәрбиенің ошағына айналарына сенімдіміз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: "Апатты және үш ауысымды мектептер мәселесін түбегейлі шешу – бұл мемлекетіміздің басым міндеттерінің бірі. Балаларымыз қауіпсіз, заманауи мектептерде білім алуы керек", – деп атап көрсеткен болатын. Бүгін шәкірттерге есігін айқара ашқан жаңа мектеп осы сөздің айқын дәлелі" – деді салтанатты шарада сөз алған облыс әкімі Нариман Төреғалиұлы.

Сурет: БҚО әкімдігінің баспасөз қызметі
Сондай-ақ, облыс басшысы мектеп құрылысы жеке бақылауында болғанын, құрылыс барысында туындаған күрделі мәселелерді шешуге жергілікті билік барынша күш салғанын атап өтіп, құрылыс жұмыстарын мерзімінен алты ай бұрын аяқтаған "Болашақ-Т" ЖШС-нің бас директоры Асқар Жасенұлы Қошановқа алғыс білдірді.

Сурет: БҚО әкімдігінің баспасөз қызметі
№8 облыстық мектеп-лицей ғимаратының жобалық қуаты – 400 орынға арналған. Сапалы білім мен тәрбие беруге арналған бұл заманауи кешенде 24 оқу кабинеті (барлығы интерактивті тақтамен жабдықталған), 2 информатика кабинеті, бейнелеу өнері, графика, дизайн және технология бөлмелер, спортзал, кітапхана, 48 орындық мәжіліс залы, 120 орындық кең асхана бар. Заман талабына сай жабдықталған мектеп ауласында балалар ойын алаңы, футбол, баскетбол, жүгіру жолдары бар спорт алаңдары көз қуантады.

Сурет: БҚО әкімдігінің баспасөз қызметі
2025-2026 оқу жылында мектеп бір ауысымда 21 сынып-жиынтықпен 412 оқушыны қамтымақ. Оның ішінде 5-сыныпқа 72 оқушы қабылданды. Білім ошағында 51 педагог еңбек етеді. Мектеп қазіргі заманғы білім берудің барлық талаптарына сай: STEM, робототехника бағыттары қамтылған, оқушылардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға толық мүмкіндік жасалған.

Сурет: БҚО әкімдігінің баспасөз қызметі
Соңғы үш жылда өңірде 7526 орынға арналған 26 мектеп бой көтерді. Олардың ішінде, КПО компаниясының әлеуметтік жобасы аясында – 1344 орындық 16 мектеп, бюджет және арнайы қор есебінен – 1982 орындық 5 мектеп, "Келешек мектептері" ұлттық жобасы аясында – 4200 орындық 5 мектеп іске қосылды. 2025 жылы тағы да 11 мектептің құрылысы жоспарланған. Бұл – облыстағы білім беру инфрақұрылымының ауқымды жаңғыруы мен дамуының айғағы.