БҚО-да жаңа мектеп ашылды
Сурет: БҚО әкімдігінің баспасөз қызметі
Су жаңа мектептің ашылуына Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев, ардагер ұстаздар мен ауыл тұрғындары қатысты.
Салтанатты жиында сөз алған облыс әкімі Нариман Төреғалиев жаңа мектептің құрылысына атсалысқан құрылысшылар мен жобалаушыларға ризашылығын білдірді.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Орта білімнің сапасы – табысты ұлт болудың тағы бір маңызды шарты. Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс",-деп атап өтті.

Сурет: БҚО әкімдігінің баспасөз қызметі
"Келешек мектептері" жобасы аясында бой көтерген бұл мектеп – өскелең ұрпаққа жасалған үлкен қамқорлықтың айғағы.
Себебі "Келешек мектебі" – атына заты сай, болашаққа нық қадам басқан, заман талабына сай озық технологиялармен жабдықталған, білім мен тәрбие ұштасқан білім ошағы боларына сеніміміз мол. Бүгінгі таңда оқушылардың сапалы білім алуына жағдай жасау мақсатында соңғы төрт жылда облысымызда 7526 орынға 26 мектеп салынса, осы оқу жылында Казталов ауданы, Қоныс ауылында 60 орындық мектеп, Бәйтерек ауданы Байқоныс ауылында 600 орындық "Келешек мектебі" және 400 орындық облыстық дарынды балаларға арналған №8 мектеп-лицей іске қосылды. Облысымызда "Келешек мектептері" жобасы аясында 4800 орынға 4 мектеп жұмыс жасаса, бүгін міне 5–ші мектеп пайдалануға берілмек. Сонымен бірге 2100 орынға есептелген 4 "Келешек мектебі" құрылысының аяқталуы жоспарлануда, – деді облыс әкімі Нариман Төреғалиұлы.
Жаңа мектептің жобалық қуаттылығы – 1200 оқушыға арналған. Бұл – бұған дейін 1982 жылы салынған, 540 орындық ескі мектеп ғимаратына қарағанда екі есеге артық. Құрылыс жұмыстарын "СФ Алтим" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүзеге асырды.
Мектеп ғимараты – үш қабатты, жертөлесі бар, 10 блоктан тұрады. Арнайы блоктар бастауыш сыныптар мен мектепалды даярлық тобына, дене шынықтыру және сауықтыру мақсатындағы орын-жайларға арналған. Мектепте үш бірдей спорт залы бар. Бастауыш сынып оқушылары үшін – екі шағын, орта және жоғары сыныптарға арналған – үлкен спорт зал жарқырап тұр.

Сурет: БҚО әкімдігінің баспасөз қызметі
Жаңа мектепте 70 оқу кабинетінің бәрі де интерактивті тақталармен жабдықталған. Мектепте STEM лабораториясы, IT сыныптары, Коворкинг аймақтары, Хореография, визуалды дизайн, графика және жобалау кабинеттері, Информатика, бейнелеу өнері, технология, үй және тамақтану мәдениеті кабинеттері, 300 орындық акт залы, 300 орындық асхана, жаңаша үлгідегі кітапхана бар. Ерекше білім беруді қажет ететін балалар үшін сенсорлық бөлме мен инклюзивті кабинеттер арнайы жабдықталған. Мектеп ауласында балалар ойын алаңы, футбол, баскетбол алаңдары, жүгіру жолдары салынған. Бұл балалардың жан-жақты дамуына жағдай жасайды.
Мектептің салтанатты ашылуынан кейін мектеп ауласына 100 түп ағаш егілді.