Ақ үй Қазақстанның Трамптың Газадағы қақтығысты тоқтату жайлы жоспарына қолдау білдіргенін жоғары бағалады
Сурет: Telegram/ruslanzheldibay
Мақалада бұл бастамаға халықаралық қауымдастық кең қолдау білдіргені, соның ішінде Қазақстан да бар екені айтылған.
Атап айтқанда, Дональд Трамп әкімшілігі жариялаған мақалада Қазақстан президентінің баспасөз хатшысы Руслан Желдібайдың мәлімдемесіне сілтеме жасалған. Онда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл жоспарды өңірдегі жағдайды реттеуге бағытталған "бірегей мүмкіндік әрі маңызды қадам" деп бағалағанын жеткізген. Сонымен қатар, Желдібайдың айтуынша, бұл жоспар мемлекеттер арасындағы сенімді нығайтып, өңірде берік әрі әділетті бейбітшіліктің орнауына жол ашуы мүмкін.
2025 жылдың 29 қыркүйегінде Дональд Трамп Израиль мен ХАМАС арасындағы соғысты тоқтату жөнінде 20 тармақтан тұратын жоспар ұсынды. Жоспардың мақсаты – Газа секторын терроризмнен азат, радикалды көзқарастардан арылған аймаққа айналдыру және оны жергілікті халықтың мүддесіне сай қалпына келтіру. Құжатта бітімге келудің алғашқы қадамдары атап көрсетілген:
- Израиль әскері "келісілген шепке" шегінеді және барлық әскери операцияларды тоқтатады;
- майдан шебі әскердің кезең-кезеңімен шығуына дейін бекітіледі;
- кепілге алынған адамдарды, оның ішінде қаза тапқандарды қайтаруға Израиль келісімді көпшілік алдында қабылдаған сәттен бастап 72 сағат беріледі.
2025 жылдың 30 қыркүйегінде ҚР Президентінің баспасөз хатшысының көмекшісі Руслан Желдібай: "Қазақстан АҚШ президенті Дональд Трамптың Газа секторындағы қақтығысты тоқтатуға бағытталған жан-жақты бейбіт жоспарын қолдайды", – деп мәлімдеді. Сондай-ақ ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл бастаманы Таяу Шығыстағы жағдайды реттеуге, мемлекеттер арасындағы сенімді нығайтуға және өңірде әділетті әрі тұрақты бейбітшілік орнатуға бағытталған бірегей мүмкіндік және аса маңызды қадам ретінде қарастыратынын атап өтті.