Питер Фостер "Эйр Астана" АҚ компаниясының бас директоры қызметінен кетеді
Сурет: Instagram/tatyana.foste
Бұл туралы ақпарат авиакомпанияның Telegram-арнасында жарияланды.
""Эйр Астана" АҚ директорлар кеңесі Питер Фостердің 2026 жылғы наурыз айының соңында бас атқарушы директор және директорлар кеңесінің мүшесі лауазымдарынан кететінін хабарлайды. Дегенмен, ол директорлар кеңесінің аға кеңесшісі ретінде компаниямен ынтымақтастықты жалғастырады", – делінген хабарламада.
Компания мәліметінше, аталған кезеңде қаржы жөніндегі атқарушы директор Ибрахим Жанлыел "Эйр Астана" бас директоры қызметіне тағайындалады.
"Директорлар кеңесі Питер Фостерге компанияны 20 жыл бойы табысты басқарғаны, оны Қазақстан мен Орталық Азиядағы жетекші әуе компаниясына айналдырғаны үшін шынайы алғыс білдіреді", – деді "Эйр Астана" АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Нұрлан Жақұпов.
Ол сондай-ақ Ибрахим Жанлыелдің жаңа қызметке тағайындалуын құптап, оның кәсіби тәжірибесіне жоғары баға берді.
"Ибрахим Жанлыел 2003 жылдан бері Air Astana компаниялар тобында еңбек етіп келеді. Алғашқы жылдары коммерциялық бағыттарда басшылық қызметтер атқарып, 2017 жылдан бастап қаржы жөніндегі атқарушы директор лауазымын иеленді. Оның компанияның дамуына қосқан үлесі зор. Директорлар кеңесі оның басшылығымен компанияның одан әрі өсіп, жаңа жетістіктерге жететініне сенімді", – деді Нұрлан Жақұпов.
Питер Фостер 1960 жылдың 16 шілдесінде Англияда дүниеге келген.
1982 жылы Кембридж университетін, сондай-ақ Франциядағы INSEAD бизнес-мектебін тәмамдаған.
Еңбек жолын 1982 жылы бастаған. 1999 жылға дейін Cathay Pacific Airways Ltd компаниясында менеджер және аға менеджер қызметтерін атқарған (Гонконг, Азия, Аустралия және Еуропа аймақтарында).
Кейін Philippine Airlines Inc компаниясында (1999–2002) қалпына келтіру тобының басшысы, ал 2002–2005 жылдары Royal Brunei Airlines әуе компаниясының бас атқарушы директоры болды.
2005 жылдан бастап "Эйр Астана" әуе компаниясын басқарды.