Қазақстан криптовалюта резервін құруды жоспарлап отыр
Фото: unsplash
Депутаттардың айтуынша, тәркіленген активтерді заңды түрде пайдалану реттелмегендіктен, олар жоғалуы немесе үшінші тұлғалар арқылы заңсыз айналымға түсу қаупі бар. Мәжіліс депутаты Олжас Құспековтің сөзінше, қор құрылса, қазіргі "суық әмияндағы" активтер "жылы күйде" сақталып, биржада бағасы өсіп, мемлекетке пайда әкеледі, деп жазады qazaqstan.tv.
Сала мамандарының дерегі бойынша, 2023 жылы Қазақстандағы криптоайналымның 86%-ы заңсыз сектор арқылы өткен. Қазір заңсыз майнерлер саны азайған, ресми тіркелген 70-тен астам компания жұмыс істейді және өткен жылы 10,5 млрд теңге салық төлеген.
"Цифрлық активтердің тәуекелі бар, бірақ бұл экономиканы әртараптандыруға мүмкіндік береді және жаңа инвесторларды тартады". Наурызбек Бижанов, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі басқармасының бас сарапшысы
Қаржылық мониторинг агенттігінің хабарлауынша, Ұлттық банк стратегиялық крипторезервті жинақтау үшін Мемлекеттік цифрлық активтер қорын құру бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Заңсыз майнерлер жойылып, цифрлық активтер реттелсе, салада ашықтық орнап, инвестор сенімі артады, бұл ел экономикасына оң әсер етеді.