Жамбылда диқандар қызылшаны зауытқа өткізе алмай, ұзын-сонар кезекке тұрды
Сурет: pixabay
Ауыл тұрғындарының айтуынша, зауыт техникалық жағынан дайын болмай шыққан. Қабылдау қондырғыларының біреуі ғана жұмыс істеп тұр, деп жазады qazaqstan.tv.
Ал толық қуатта іске қосылған жағдайда тәулігіне 150 жүк көлігін қабылдауға қауқарлы болар еді дейді диқандар.
"Былтырғы жағдай биыл да қайталанып отыр. Қант қызылшасын тапсыру үшін екі күнде бір ғана кіріп жатырмыз. Түн қатып, күн қатып тұрмыз", — дейді Меркі ауданының тұрғыны Асылбек Қалқаманов.
Тұрар Рысқұлов ауданынан келген шаруалар да кезектің жылдағыдай ұлғайып бара жатқанын айтып, қабылдау жұмыстарының ұйымдастырылуына көңілдері толмайтынын жеткізді.
Зауыт басшылығының айтуынша, мәселе техниканың тозуында ғана емес. Көліктер арнайы талонмен кіргізілгенімен, кейбір жүргізушілер құжатсыз келіп, кезекті бұзып, кептеліс туындатып отыр. Сонымен қатар, кейбірі қабылдау құрылғыларын зақымдап кеткен.
"Қазірге дейін 9 мың тонна қызылша қабылдадық. Күніне 100 көлікке талон беріліп жатыр. Алдағы күндері зауыттың қуаттылығын тәулігіне 4 мың тоннаға дейін жеткіземіз. Жалпы биыл облыс бойынша 300 мың тонна қызылша қабылдау жоспарланған", — дейді "Меркі қант зауыты" ЖШС бас директоры Нұржан Қарғабаев.
Айта кетейік, биыл облыстағы қант қызылшасы алқабы 6 мың гектардан сәл асқан. Бұл былтырғы 11 мың гектармен салыстырғанда әлдеқайда аз. Ал зауыт қызылшаның әр келісін 13 теңгеден қабылдап жатыр. Бұл баға өткен жылмен салыстырғанда 2 теңгеге төмен.