Жамбылда Respublica партиясының бизнес-форумы өтті
Сурет: Жамбыл облысының әкімдігі
Форумның мақсаты — кәсіпкерлікті дамыту, тәжірибе алмасу және өңірлік бизнестің жаңа мүмкіндіктерін айқындау болды.
Басқосуда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан" атты Жолдауында айтылған басымдықтар талқыланды. Сарапшылар жасанды интеллектті бизнеске енгізудің маңызын атап, цифрлық шешімдердің тиімділігін мысалдармен көрсетті.
Форумның алғашқы спикері, Respublica партиясының тең төрағасы Қуаныш Шонбай кәсіпкерлердің жаңа экономикалық жағдайда бейімделу және инновациялық ойлау мәдениетін дамыту қажеттігін айтты. Ол Тараз жұртшылығының жылы қабылдауына алғыс білдіріп, партияның құрылу кезінде Жамбыл өңірінің қолдауын ерекше атап өтті.
Шарада Мәжіліс депутаты Екатерина Смолякова мен партия аппаратының әйелдер кәсіпкерлігі жөніндегі кеңесшісі Айдана Тоғызбаева және басқа да спикерлер сөз сөйлеп, бизнестегі әйелдердің рөлі мен технологиялық жаңарудың мүмкіндіктері туралы ой бөлісті.



