Қазақстан ІІМ Дмитрий Биволдың бұрынғы әйелін іздеу жариялады
Сурет: instagram/bivol_kate
Қазақстан ІІМ Дмитрий Биволдың бұрынғы әйелін іздеу жариялады. Ресми мәліметке сәйкес, Екатерина Бивол "қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасымен іздеуде" деп көрсетілген.
"Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеуге дейінгі тексеріс жалғасып жатыр. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етілмейді", - деп хабарлады ҚР ІІМ баспасөз қызметі жұма күні.
2025 жылғы 22 қазанда Қырғызстан ІІМ ел халқын қорлайтын бейнежазбалардың таралуына байланысты тергеуге дейінгі тексеру жүргізіп жатқаны хабарланған болатын. Белгілі болғандай, видеоны түсірген — әлемге танымал боксшы Дмитрий Биволдың бұрынғы әйелі Екатерина. Ол Instagram парақшасында түрлі ұлт өкілдерін, соның ішінде қырғыз халқын балағаттаған бейнероликтерді жариялаған.
25 қазанда Бішкек қалалық ІІБ Екатерина Биволға қатысты Қырғыз Республикасының Қылмыстық кодексінің 330-бабы ("Нәсілдік, этникалық, ұлттық, діни немесе өңіраралық араздықты қоздыру") бойынша қылмыстық іс қозғап, оған сырттай айып тағылып, іздеу жариялады.
Айта кетейік, адамдарды қорлағаны үшін Екатерина Бивол бұған дейін де жауапкершілікке тартылған: Ресейде прокуратура оның ісі бойынша әкімшілік іс қозғап, сот әйелге ескерту түрінде жаза тағайындаған.
Белгілі боксшы Дмитрий Бивол мен оның жары Екатерина 2023 жылдың жазында ажырасқан еді. Сол уақыттан бері Екатерина әлеуметтік желілерде бұрынғы күйеуін опасыздық жасады, моральдық қысым көрсетті және алимент төлемеді деп айыптаған жазбалар жиі жариялап келеді.