СҚО-да полиция мен ауыл тұрғындары аударылған жүк көлігінің жүргізушісіне көмектесті
Сурет: ҚР ІІМ
Абырой болғанда 49 жастағы жүргізуші жарақат алған жоқ. Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті патрульдік полиция батальонының экипажы, тәртіп сақшылары Асхат Қайыржанов пен Самат Жақтаев оқиға орнына жедел жетті. Полицейлер жедел көмек ұйымдастырып, жол қауіпсіздігін қамтамасыз етті.
Тәртіп сақшылары "Западное" ЖШС басшылығымен келісіп, арнайы техника алдыртты. Желді трассадағы жұмыс шамамен бір жарым сағатқа созылды. Жүргізуші полицейлер мен шаруашылық қызметкерлеріне алғысын білдіріп, аудан орталығына қарай жолын жалғастырды.
Айта кетейік, биыл Солтүстік Қазақстан облысында 482 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, соның салдарынан 45 адам қаза тауып, 637 адам жарақат алды.
Маусымаралық кезең мен ауа райының құбылмалы жағдайында полиция мен жол қызметтері көлік жүргізушілерін барынша сақ болуға және жылдамдық режимін қатаң сақтауға шақырады.