Алматыда бес көлік соқтығысты
Сурет: Zakon.kz
Арнайы тілшіміздің мәліметінше, оқиға орнында бір мезетте екі жол-көлік оқиғасы тіркеліп отыр.
Шығыс айналма жолымен солтүстік бағытта келе жатқан Audi A4 көлігінің жүргізушісі Төле би көшесіне жетпей, рөлге ие бола алмай Kia Sportage көлігімен соқтығысқан.
Соққыдан кейін екі көлік әр жаққа ұшып кеткен. Сол сәтте Kia көлігі JETOUR X50 автокөлігіне соғылып, кейін жолдың бөлу жолағындағы темір қоршауға соғылып тоқтаған.
Араға 10-15 минут салып, темір қоршау маңында сол жақ жолақта тұрған Kia көлігіне бірінен соң бірі Hyundai Lafesta және Mercedes-Benz көліктері келіп соғылған.
Соқтығысқан соң Hyundai мен Mercedes те әр бағытқа ұшып кеткен.
Оқиға салдарынан бес көлік жолдың жүріс бөлігін жауып, көлік қозғалысын қиындатқан. Күн суық әрі көктайғақ болуына байланысты жолда апаттық жағдай қалыптасты.
Абырой болғанда, екі жол апатында да ешкім зардап шеккен жоқ.
Қазіргі уақытта оқиға орнында жол полициясы мен ТЖД қызметкерлері жұмыс істеп, жолды көліктерден тазартып, қозғалысты қалпына келтірді.




